Қызылордалық жас технократ дәрігерден жылдам жұмыс істейтін ЖИ жүйесін ойлап тапты
Қызылордалық жас технократ Асылжан Абдуллаев трансплантация кезінде ағзаны қабылдамау қаупін генетикалық және клиникалық деректер негізінде болжайтын жасанды интеллект жүйесін жасап шықты.
Kazinform тілшісімен сұхбатында ол медицина саласына арналған инновациялық шешім дәрігерлерге отаға дейін трансплантацияның сәтті өту мүмкіндігін алдын ала бағалауға көмектесетінін атап өтті.
— Қазіргі күні әлемде жыл сайын 100 мыңнан астам бүйрек трансплантациясы жасалады. Бірақ соның шамамен 33%-ын иммундық жүйе қабылдамай сәтсіз аяқталады. Өйткені шешім көбіне шектеулі деректер мен дәрігердің тәжірибесі негізінде ғана қабылданады. CortexAI жүйесі осы мәселені шешу үшін генетикалық сәйкестік (HLA), биомаркер, клиникалық көрсеткіш және логистикалық факторларды біріктіріп, 30-дан астам параметрді талдайды. Жүйе трансплантация нәтижесін, ағзаның қабылданбау қаупін және оның өмір сүру ұзақтығын болжайды. Жобаның артықшылығы сол, талдау дәлдігі 84%-ға дейін артып, талдау уақыты 12 сағаттан 33 секундқа дейін қысқарады. Ал трансплантаттың қызмет ету мерзімі 4 жылдан астам уақытқа ұзарады. Жүйе тәжірибелі дәрігерден 1300 есе жылдам жұмыс істей алады, — деді кейіпкеріміз.
Асылжан Абдуллаев жетекшілік еткен командада жасанды интеллект, медицина және big data мамандары жұмыс істеді. Барлығы – халықаралық және ұлттық жарыс жеңімпаздары. Адам денсаулығына оң ықпал ететін шешім бүгінде 4 пилоттық медициналық орталықта тестіленіп жатыр. Содан кейін клиникалар мен биобанктерге API арқылы интеграцияланады.
— Біздің жобаның басты ерекшелігі – биостатистика мен жасанды интеллектіні біріктіре отырып, трансплантация нәтижесін отаға дейін болжай алатынында. Осылайша трансплантациядағы тәуекелді азайтып, пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосқымыз келеді, — деді команда жетекшісі.
Асылжан Абдуллаев – Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының Startup Orda бағдарламасының түлегі. Ол қазір Astana IT университетінде білім алып жүр. Аталған жобасымен жуырда Шымкентте өткен «Digital Qazaqstan Battle» ұлттық стартап батлының финалында 2-орынды иеленіп, 5 миллион теңге иеленді. Жас өнертапқыш бұған дейін жасанды интеллектіні қазақ тілінде сөйлетіп, көпшіліктің оң бағасын алды.
Фото: Асылжан Абдуллаев жеке мұрағатынан












