Астанада оқып жүрген қырғыз қыздарының Кенесары ханның аруағына тіл тигізуі Ақорда мен Бішкектің сыйластығына сызат түсіретін фактор деп жазады Ertenmedia.kz. Қос бойжеткеннің камера алдында көз жасын көлдетіп, кешірім өтінгенімен мәселе шешілмейді. Әлгілердің аузынан шыққан ауыр сөз көрші елдегі мем.идеологияның тікелей көрінісі деп ашық айта аламыз.

Қазақ-қырғыз бір туған деcек те, екі елдің мектеп қабырғасынан бастап оқытылатын тарихында қарама-қайшылық жетерлік. Солардың ең күрделісі де, жанды жері де хан Кененің тұлғасы.

Қазақ даласы үшін Кенесары – Ресейдің отарлау саясатына қарсы келген соңғы заңды хан, қасиетті қаһарман. Ал қырғыз тарихнамасында ол Ормон ханның жеріне, Сарыбағыш руларына жорық жасаған «қатыгез феодал», өз жерін қорғаған қырғыздардың бейбіт ауылдарын шапқан агрессор ретінде сипатталады. Мұндай оқулықпен өскен жас ұрпақтың санасында Кенесарыға деген өшпенділік сәби кезден сана түкпіріне сіңеді. Екі мемлекет тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақытта осы ортақ тарихи жараның аузын емдеуге, 1847 жылғы Кекіліксеңгір қырғынын саясаттандырмай, ғылыми деңгейде объективті сараптауға бірде-бір рет батыл қадам жасалмады.

Жиырма жастағы студент қыздардың ойына «ханның басынан шарап ішеміз» деген сұмдық метафора көктен салбырап түскен жоқ. Бұл ма, бұл сол елдің билік кулуарында, көше мен ас үйде айтылып жүрген қарадүрсін түсініктің сыртқа тебуі.

Соңғы жылдары қырғыз қоғамында ұлттың пайда болуына қатысты ғылыми негізсіз этномифтер де етек жайып жатыр. Осы құбылыс желіге тарап, өзін «тарихшы» санайтын белсенділер «қазақтар бертінде ғана құралған, түбі бізден тараған» дейтін қисынсыз әңгімелерді ашық айтатын болды. Мемлекет тарапынан мұндай сандырақтарға тоқтау салынбады, керісінше ұлтшыл электоратты жұбатудың таптырмас құралы ретінде пайдаланылды.

Нәтижесінде, заманауи біліммен қаруланудың орнына, желідегі қысқа роликтерден сауат ашқан қырғыз жастары көрші халықтың мемлекеттігі мен тарихын жоққа шығаруды үйреншікті әдетке айналдырды. Астанадағы оқиға осының айнасы.

Әлгі әлгі екі бойжеткен ше? Анығы, кешегі үндеу үрейден туған формальды қадам. Олар жазадан құтылу үшін қазақ тілінде сөйлеп, кешірім сұрағанымен, санасындағы «басқыншы Кенесары» образы немесе қырғыз қоғамындағы «қазақ бізден тараған» деген түсінік жойылып кеткен жоқ. Ресми Бішкек өз еліндегі тарихи мифтер мен жалғыз сенімді көршісіне бағытталған ауыр риториканы ауыздықтауға күш салмаса, ал Астана мәдени-ақпараттық жұмысты күшейтпесе, ертең мұндай оқиғалар жаппай сипат алуы мүмкін.

 

/Жазба Ertenmedia телеграм парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *