Елде 85 мың өзен бар. Санасаң, сұмдық су көзі. Сөйте тұра, қуаңшылық қос бүйірден қысып тұр. Себебі оның екеуі ғана өз иелігімізде. Нұра мен Сарысу. Қалғанының қайнар бастауы көршілес елдерде. Ал оларда да тіршілік көзі тапшы. Түйір тамшыны табандап тұрып сұрап алып отырмыз. Сондықтан су саясаты дегдар дипломатияны қажет етеді. Ол түсінікті де. Ожауды өзі ұстап ішпегеннің шөлі қанбайды.
Әсіресе, оңтүстік өңірлерде өте өткір тұр. Салдарынан егістік көлемі кеміп келеді. Мәселен, күріш алқаптары 20,2 мың гектарға қысқартылды. Оның ішінде Қызылорда облысында – 10,9 мың, Түркістан облысында – 7,4 мың, Алматы облысында – 1,9 мың гектарға азайды. Бұл бейнеткеш бұқараның базынасының біреуі ғана.
Жер құнарсыз. Агросекторға арналған 115 млн гектардың 30 миллионы эрозияға ұшыраған. Топырақтың құнарсыздығы қарқынды өсіп келеді. Бұлай жалғаса берсе, егістік алқаптары түгілі, жайылымға зар болатын күн жақын.
Зиянкестерден де залал көп. Мал шыбындап, егіс алқаптары кеміргіштерден құрып жатыр. Шаруалар жаз бойы шіркей, шегірткемен күресіп, күздің күні еккенін мал мен аңнан қорып отыр.
Ең әрісі, саладағы статистика да солқылдақ. Мәселен, 2 млн ірі қара мен 3 млн-нан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ. Субсидияға құныққан пысықайлар жоқ жануарға төлем алып келген. Егіншілер үшін де бұл – таныс үрдіс. Ал мемлекет мезіретіне қол жеткізе алмай, субсидия, несие кезегінде тұрғандардың саны тым көп. Биліктің бұқараға берешегі жылдан жылға ауысып келеді.
Ауыл шаруашылығының автопаркінің тозуы да күн тәртібінде тұр. Қолданыстағы құрал-жабдықтар мен машиналардың 65-70 пайызы ескірген. Мұны мен емес, министрлік мамандары мәлімдеді.
Айта берсең, агросекторда түйіні тарқамаған түйткіл көп. Мұның бәрі бірден бітпейтіні белгілі. Салаға серпіліс керек. Жылдар бойы оң реформалар жүзеге асып, ол іс заңмен шегеленуі керек. Сол үшін істің ізін алыстан танитын тұлғалардың тұғырға қонғаны жақсы.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *