Биыл 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне – қырық жыл. Бұл Тәуелсіздік алуға жасалған алғашқы қадам болатын. Шүкір, бүгінгі таңда ел еңсесін тіктеді. Егемендікке қол жеткіздік. Байрағымыз биікте желбіреді. «Тәуелсіздік – Тәңірдің сыйы» деген осы шығар…

1986 жылы мектеп бітірген түлектерге де биыл – қырық жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстанның әр өңірінен 1969 жылы туғандар Астана төріне жиналып, мектеп бітіру кешінің қырық жылдығын тойлады. Үш күнге созылған бас қосу мақсаты – танысу-тамырласу, өзінен кейінгілерге бағдар көрсету болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша бас қоспас бұрын арнайы телечат ашылған. Осы жерге барлық өңірдің 1969 жылы туғандары тіркеліп, Астанада жиналуды шешкен.

«Құрдастар–69» чаты — 1969 жылы туған құрдастардың басын қосатын достық пен сыйластық ортасы. Бұл чат бір-бірімізді тауып, танысып, араласып, қуанышымыз бен қиындығымызды бірге бөлісу мақсатында құрылды.

Чаттың құрылуына құрдастар арасындағы байланысты нығайту, әр өңірде тұратын замандастарды бір ортаға жинау және ел ішіндегі ынтымақты арттыру ниеті себеп болды. Бүгінде мұнда Қазақстанның әр аймағынан құрдастарымыз бар. Біз бір-бірімізбен күнделікті хабарласып, жақсы тілектерімізді білдіріп, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырамыз.

«Құрдастар–69» чатының негізгі мақсаты — достықты дәріптеу, өзара құрмет пен қолдауды күшейту, қуанышты күндерді бірге атап өту және қиын жағдайда бір-бірімізге демеу болу. Сонымен қатар кездесулер, мәдени іс-шаралар мен қайырымдылық бастамаларын ұйымдастырып, кейінгі ұрпаққа бірлік пен татулықтың жақсы үлгісін көрсеткіміз келеді, -деп ағынан жарылды Ақтөбе облысының тумасы, мұғалім Жанар Бекқайырқызы.

Құптарлық іс. Себебі, ата-әже атанған құрдастар осы сыйластық ұрпақ жалғастығына ұласа деген ниеттерін айтады.

Біздің ортақ ұстанымымыз — «Құрдастық — бір күндік таныстық емес, өмір бойғы сыйластық». Чатымыздың басты құндылығы — шынайылық, әдептілік, татулық және бір-бірімізге деген құрмет. Бізді біріктіретін — жасымыз ғана емес, ортақ ой, ақ ниет және достыққа адалдық. Алдағы мақсатымыз — құрдастар арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, кездесулерімізді дәстүрге айналдыру, игі істерге бірге атсалысу және осы әдемі достығымызды ұзақ жылдар бойы жалғастыру, -деді ақтөбелік Жанар Бекқайырқызы.

Астанада бас қосуды қолға алған жеке кәсіпкер Мәдина Орынбасарқызы құрдастардың бірігуі жайлы өз ойын ортаға салды. Ол: — 1969 жылы туған әр өңірдегі құрдастардың бас біріктіріп, жиі жиналып тұруы керек деген шешімге келдік. Себебі, біз мектеп бітіретін жылы елдегі жағдайдың қаншалықты қиын болғанын барлығы біледі. Оны жас болсақ та өзіміз бастан кештік. Бүгінгі таңда шүкір, ел тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін біздің ұрпақ сыйластықтың не екендігін көрсін, ағайын-туыстың қадірін түсіне бастасын деген ниетпен, өзара ақылдасып, 1969 жылы туған құрдастар өз жолымызды қалыптастыруға бел байладық. Бұған қыз-жігіттердің барлығы келісім берді. Ендігі жерде біз ұрпақ мәселесі жайлы ойланып, олардың отансүйгіш болып өсуіне жәрдемдесуіміз керек, -деді.

Шынтуайтында 1969 жылы туған аға-апалардың бұл бастамасына қол соғуға болады. Неге десеңіз, «Ышқырына қолы жетпей қоғам тұрған» уақытта барын бар, жоғын жоқ деп, шындығы мен сұмдығын түсіндіретін, кісілігі мен кішілігін ұқтыратын, байсалды да байыпты жас ұрпақтың қалыптасуына өз септігін тигізер ағалар да апалар да керек-ақ.

Ұрпақтың намысты да табысты болуы алдыңғы буын ағаларына немесе апаларына байланысты. Бұған ешкімнің дауы болмауы керек. Біздер әр өңірде туып, әр жерде білім алсақ та бас қалада бас қосуды жоспарлап, сол тілегімізге жеттік. Ендігі жерде ұрпақ мәселесімен айналысып, қолымыздан келгенше бір-бірімізге көмекқолын созып отыруымыз қажет. Бұл құрдастар арасында келісілген шаруа. Ендігі жерде басымыз бірігіп, өзімізден кейінгілерге үлгі болсақ деген ниетіміз бар. Қазірдің өзінде құрдастар бір-біріне көмектесіп жатыр. Сырқаттанғандары болса, еміне көмек көрсетеміз. Қалай болған күнде де әр қазақ бір бірін жалғызым десе жаман болмайды деген ниеттеміз, -дейді Қарағанды облысының тумасы, Қазақстан қарулы күштерінің зейнеткері Серікбай Қошанов.

Шын мәнінде Қазақстанның әр түкпірінде туған 1969 жылғылардың ауызбірлігі бекем болып отыр. Қырын тартпай бір-бірін тартып, Астана төрінде бас қосулары кісі қызығарлық іс. Айтуларынша барлық өңірде туған 1969 жылғы азаматтар мен азаматшалар осы бас қосуды әр өңірде ұйымдастыруды мақсат еткен. Себебі, ел көріп, жер көріп, қыдыру арқылы өздерінің сара жолдарын салғысы келеді.

Біздер 1969 жылы туған жандар жақсы бір істің басы-қасынан табылуға жұмыстанып жатырмыз. Алғашқы кездесу Астана қаласында өтті. Келесі жолығуды Алматы шаһарында деп жоспарлап отырмыз. Енді мақсат ішіп-жеп кету емес, кездесу сайын ұрпақ үлгі алатындай шара жасағымыз келеді. Оның арнайы жоспары жасалады. Есейдік, ендігі жерде қолымыздан келгенше ұрпақтың жақсы өсуі үшін барымызды салуымыз керек. Ұлттық құндылықтарды жас буынның бойына сіңіретіндей қадамдар жасап, намысқой, отанын сүйетін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Қыз қылықты, ұлы ержүрек болуы үшін жол көрсетуіміз қажет. Білгенімізді үйретіп, ақылды ұрпақ қалыптастыруды жолға қойсақ, мемлекетімізге тигізген пайдамыздың ең кереметі болар еді, -деп ағынан жарылды 1969 жылы туған оралдық жеке кәсіпкер Ақылбек Сралиев.  

Иә, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегенге саятын болсақ, бас біріктіріп, ұрпақ қамын күйттеген 1969 жылы туған жандарға алғыстан басқа айтарың болмауы керек. елдің борлашағы жастар, ал, жастарға жарқын жол ашып беру – 1969 жылы туған түлектерге бұйырып отыр. Іске, сәт!

А. Қаршығаұлы

 

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *