Қазақстанда ер адамдар әйелдерден орта есеппен 7,6 жыл аз өмір сүреді.Бұған қоғамдағы ер адамның рөлі, еңбек жағдайы, зиянды әдеттер мен денсаулыққа деген көзқарас та әсер етеді. Ерлер неліктен дәрігерге қаралуды кейінге қалдырады? Отбасына жауапкершілікпен қарайтын азамат неге өз денсаулығына немқұрайды болады? 

Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда ерлердің өмір сүру ұзақтығы 72,2 жыл болса, әйелдерде бұл көрсеткіш 79,8 жылды құрайды. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) 2025 жылғы есебінде ұйымға мүше елдердегі ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 78,5 жас, әйелдердікі 83,7 жас екені көрсетілген. Демек, бұл айырмашылық Қазақстанға ғана тән емес. Бұдан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, ерлердің сау өмір сүру ұзақтығы 59,2 жылды, әйелдердікі 63,8 жылды құрайды екен. Бұдан біз ер адамдардың ғұмыры ғана емес, денсаулығы жақсы күйде өтетін жылдары да қысқа екенін байқап отырмыз. Ендеше, ерлердің өмірін қысқартатын негізгі себептерді ретімен қарастырайық.

Ерлердің өмірін қысқартатын себептер

Ерлердің денсаулығының ерте нашарлауына және мезгілсіз қайтыс болуына қандай аурулар әсер етеді? Бұл мәселені С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Денсаулық сақтау саясаты және менеджменті» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Кәмшат Толғанбаева зерттеген. Ғалым диссертациялық жұмысында Қазақстандағы 2015–2021 жылдар аралығындағы алдын алуға болатын өлім-жітім көрсеткіштерін талдаған.

Зерттеу нәтижесінде ерлер арасында мұндай өлім-жітім әйелдерге қарағанда едәуір жоғары екені анықталған. Мәселен, 2021 жылы 100 мың ер адамға шаққанда алдын алуға болатын өлім-жітім көрсеткіші 758 жағдайды құраса, әйелдер арасында 375 жағдай тіркелген, яғни айырмашылық екі еседен көп.

азақ ұлттық медицина университетінің «Денсаулық сақтау саясаты және менеджменті» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD
Фото: Кәмшат Толғанбаеваның жеке мұрағатынан

Профессордың өзінің айтуынша, зерттеуге сәйкес, ерлердің мезгілсіз қайтыс болуына көбіне қан айналымы жүйесінің аурулары, жарақаттар мен сыртқы себептер әсер етеді.

– Мәселен, 2021 жылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болғандар саны 100 мың ер адамға шаққанда 247 жағдайды құраса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 111 болған, яғни ерлер арасындағы өлім-жітім 2,2 есе жоғары. Жарақаттар мен сыртқы себептерден болатын өлім-жітімде айырмашылық одан да үлкен: ерлер арасында 100 мың адамға шаққанда 96, әйелдерде 22 жағдай тіркелген. Сондай-ақ тыныс алу жүйесі ауруларынан, әсіресе пандемия кезінде, ерлер өлімі айтарлықтай жоғары болған. Онкологиялық және жұқпалы аурулар да өлім-жітімге елеулі әсер еткен. Атап айтқанда, жұқпалы аурулардан қайтыс болған ерлер саны әйелдермен салыстырғанда екі еседен астам көп болған, — деді ол.

Ғалым зерттеуінде алдын алуға болатын өлім-жітімді екі санатқа бөліп қарастырған. Біріншісі – аурудың алдын алу және оның пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын азайту арқылы болдырмауға болатын өлім жағдайлары. Екіншісі – ауруды дер кезінде анықтап, сапалы медициналық көмек көрсету арқылы болдырмауға болатын өлім жағдайлары.

– 2021 жылы ерлер арасында бірінші санат бойынша 100 мың адамға шаққанда 454, екіншісі бойынша 304 жағдай тіркелген. Бұл ерлердің мезгілсіз қайтыс болуына әсер ететін бірқатар себепті профилактикалық шаралар мен уақтылы емдеу арқылы азайтуға болатынын көрсетеді. Дегенмен осы деректер негізінде нақты қанша адамның өмірін сақтап қалуға болатынын анықтау мүмкін емес, — дейді Кәмшат Толғанбаева.

Ал Нархоз университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының ассистент-профессоры, PhD Әйгерім Жақыпбек ерлердің өмір сүру ұзақтығына әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде олардың өмір салтын атайды. Әсіресе темекі шегу мен алкоголь тұтыну ерлер арасында кең таралған.

Нархоз университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының ассистент-профессоры, PhD
Фото: Әйгерім Жақыпбектің жеке мұрағатынан

– ҰСБ дерегінше, 2023 жылы Қазақстанда алкоголь тұтынудың салдарынан психикалық және мінез-құлық өзгерістеріне байланысты тіркелген аурулар саны 100 мың ер адамға шаққанда 95 жағдайды, әйелдер арасында 18 жағдайды құраған, яғни ерлер арасындағы көрсеткіш 5,3 есе жоғары. Ал 2021 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, ерлердің 38,5 пайызы, әйелдердің 10,1 пайызы темекі шегетінін айтқан, — деді ол.

Зерттеушінің пікірінше, бұл айырмашылықты тек жеке адамның таңдауымен түсіндіруге болмайды. Өйткені зиянды әдеттердің қалыптасуына әлеуметтік орта, қоғамдағы талаптар мен адамның психологиялық жағдайы да әсер етеді. Осы ретте қазақ қоғамында ер адамға жүктелетін жауапкершілік пен қиындыққа төзіп, әлсіздігін көрсетпеу туралы қалыптасқан түсініктер оның денсаулығына қаншалықты әсер ететініне назар аударған жөн.

«Еркектер жыламайды»: мықты болудың көрінбейтін салдары

Әйгерім Жақыпбектің айтуынша, ер адамның өзін-өзі бағалауы көбіне табысы мен қоғамдағы орнына байланысты қалыптасады. Отбасын қамтамасыз ету міндетін толық орындай алмаған жағдайда ол мұны жеке басының сәтсіздігі ретінде қабылдауы мүмкін. Соның салдарынан созылмалы күйзеліс, депрессия және зиянды әдеттерге әуестену қаупі артады.

– Ұл балаға «жылама, сен еркексің» деп үйретеміз. Ересек ер адам күйзелісін тануды да, айтуды да білмейді. Ерлердегі депрессия мұң түрінде емес, ашушаңдық, агрессия, ішімдік, жұмысқа шектен тыс берілу түрінде көрінеді. Сондықтан ол жиі анықталмай қалады, — дейді әлеуметтанушы.

Ол бұл мәселенің күрделі екенін суицид статистикасынан да көруге болатынын айтады. ДДҰ-ның 2019 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстанда ерлер арасындағы суицид деңгейі 100 мың адамға шаққанда 30,9 жағдай болған. Әйелдерде бұл көрсеткіш 6,9 жағдайды құраған, яғни ерлер арасындағы көрсеткіш шамамен 4,5 есе жоғары.

– Әлем бойынша да осындай заңдылық бар: ерлер өзіне қол жұмсаудан әйелдерге қарағанда үш есе жиі қайтыс болады, ал әйелдер суицидке үш есе жиі әрекет жасайды. Әйелдер дағдарыста көмек сұрайтын белгі береді, ал ерлер үнсіз шешімге келеді. Бұл – «әлсіздігіңді көрсетпе» деген қағиданың ең ауыр салдары, — дейді Әйгерім Жақыпбек.

Сонымен қоса зерттеуші ДДҰ-ның 2018 жылы жарияланған Еуропа аймағындағы ерлер денсаулығы туралы есебіне назар аударады. Онда ерлердің зиянды әдеттері мен денсаулыққа қауіп төндіретін мінез-құлқы ер болудың табиғи салдары емес, қоғамдағы еркектік туралы түсініктермен де байланысты екені көрсетілген.

– «Ер адам мықты болуы керек» деген түсінікті жоюдың қажеті жоқ, бірақ оның мағынасын өзгерту керек. Нағыз мықтылық – ауырғанын мойындап, уақытында дәрігерге қаралу, қиын сәтте көмек сұрай білу және отбасы үшін ұзақ әрі сау өмір сүру, — дейді ол.

Дегенмен қоғамдағы талаптардың ерлердің денсаулығына әсері тек психологиялық мәселелермен шектелмейді. Бұл олардың медициналық көмекке жүгінуінен де байқалады.

«Денсаулығын ойлайды, бірақ дәрігерге бармайды»

Кәмшат Толғанбаеваның зерттеуіне 721 ер адам қатысқан. Сауалнама нәтижесі олардың денсаулық туралы білімі мен күнделікті әрекеті арасында айтарлықтай айырмашылық бар екенін көрсеткен.

Қатысушылардың 74,8 пайызы скринингтің мақсатын білетінін айтқан. Соған қарамастан 28,2 пайызы бір жыл бойы дәрігерге қаралмаған. Темекіге қатысты да осындай қайшылық байқалады. 45–59 жастағы ерлердің 75,9 пайызы темекінің зиянын білсе де, 35,4 пайызы шылым шегуді жалғастырған. Шамамен әрбір бесінші ер адам дене белсенділігіне мүлде көңіл бөлмеген.

Ғалымның айтуынша, зерттеу барысында оны әсіресе ер адамдардың өз денсаулығына және отбасы мүшелерінің денсаулығына деген көзқарасындағы айырмашылық таңғалдырған.

– Сауалнама мен сұхбат барысында ер адамдар өз денсаулығына қатысты жеке жауапкершілігін жақсы түсінетінін байқадым. Алайда іс жүзінде денсаулық олар үшін әрдайым бірінші орында тұрмайды. Көбіне жұмыс, кәсіби міндеттер мен қаржылық тұрақтылық маңыздырақ болып шығады. Өз денсаулығына қамқорлық жасауды кейінге қалдырады. Ал балалар мен отбасының денсаулығына келгенде мүлде басқа көріністі байқадым. Мұндай жағдайда ер адамдар жоғары жауапкершілік танытып, өз міндеттерін орындауға тырысады, — дейді Кәмшат Толғанбаева.

Зерттеушінің пікірінше, бұл ер адамдардың жақындарының денсаулығына қамқорлық жасай алатынын, бірақ өздеріне дәл сондай көңіл бөле бермейтінін көрсетеді. Мұндай қайшылық Әйгерім Жақыпбектің ер адамның қоғамдағы рөлі туралы тұжырымымен де үндеседі. Отбасын асырауды басты міндет санайтын ер адам жұмыс пен қаржылық тұрақтылықты денсаулығынан жоғары қоюы мүмкін.

Дәрігерге бармаудың себебі тек ерлердің өзінде емес

Ерлердің дәрігерге кеш қаралуына тек олардың өздері кінәлі ме? Кәмшат Толғанбаеваның зерттеуі мәселенің екінші жағына мән беру керегін көрсетіп отыр.

Сауалнамаға қатысқан ер адамдардың 82,4 пайызы медициналық тексеруге шақыру алмағанын айтқан. Ғалымның пікірінше, бұл профилактикаға қатысты жауапкершіліктің көп жағдайда адамның өзіне жүктелетінін, ал денсаулық сақтау жүйесінің белсенділігі жеткіліксіз екенін аңғартады.

– Медициналық көмекке жүгіну ер адамның кәсібіне қарай да ерекшеленеді. Мәселен, басшылар, менеджерлер мен мемлекеттік қызметшілер арасында қажет болған жағдайда дәрігерге бірден қаралуға дайын адамдардың үлесі 63,7 пайызды құрады. Ал қара жұмысшылар, қойма қызметкерлері, өндірістік жабдық операторлары және басқа да жұмысшылар кіретін топта бұл көрсеткіш небәрі 38,6 пайыз болды. Соңғы топтағы ерлердің 36,4 пайызы емхананың алыстығын кедергі ретінде көрсеткен. Медицина қызметкерлеріне сенім білдіргендердің үлесі 27,3 пайызды құрады. Дегенмен зерттеуде табыс деңгейі мен нақты жұмыс кестесінің ықпалы жеке есептелмегенін айта кету керек, — деді зерттеуші.

Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері ерлердің медициналық көмекке сирек жүгінуі тек олардың өз денсаулығына деген көзқарасымен байланысты емес екенін көрсеткен.

– Бұған жұмыстың көптігі, емханалардың қолайсыз жұмыс кестесі, қабылдауды ұзақ күту және профилактикалық бағдарламалар туралы ақпараттың жеткіліксіздігі де әсер етеді. Сондықтан ер адамдардың өздері медициналық тексеруге келуін күтпей, олардың қажеттіліктеріне бейімделген белсенді профилактикалық шараларды қолға алу қажет, — дейді Кәмшат Толғанбаева.

Осылайша ерлердің дәрігерге уақытында қаралмауына екі түрлі жағдай ықпал ететінін байқаймыз. Бір жағынан, олар ауру белгілері байқалғанша медициналық көмекке жүгінбеуі мүмкін. Екінші жағынан, жұмыс пен күнделікті тіршілікке ыңғайланған медициналық қызметтің жеткіліксіздігі де профилактикалық тексеруден өтуге кедергі келтіреді.

Зейнеттен кейінгі өмір және жалғыздық

Ерлердің денсаулығына әсер ететін әлеуметтік факторлар еңбекке қабілетті кезеңмен шектелмейді. Зейнетке шығу да олардың өміріндегі күрделі өзгерістердің бірі болуы мүмкін. Әйгерім Жақыпбек егде жастағы адамдар арасында жүргізген зерттеуінде ерлер мен әйелдердің қартайған кездегі әлеуметтік өмірінде айырмашылық бар екенін байқаған.

– Біздің егде жастағы адамдармен жүргізген зерттеуімізде ерлердің өмірінің мәні негізінен жұмыспен байланысты екені анықталды. Жұмыс оларға мәртебе, күн тәртібі, әріптестер және «керекпін» деген сезім береді. Зейнетке шыққан күні мұның бәрі жоғалады. Әйелдерде өмірдің мәні отбасы, немерелер, туыстар арқылы жалғасады. Олардың рөлі жоғалмайды, тек өзгереді, — дейді әлеуметтанушы.

Оның айтуынша, көптеген егде жастағы ер адам әлеуметтік байланыстарын сақтауда жұбайына арқа сүйейді. Сондықтан өмірлік серігінен айырылу олардың психологиялық жағдайына да, денсаулығына да ауыр әсер етуі мүмкін.

– Жалғыздықтың денсаулыққа ықпалы халықаралық зерттеулерде де қарастырылған. Мәселен, 2010 жылы PLOS Medicine журналында жарияланған, 148 зерттеу мен 308 мыңнан астам адамның деректерін қамтыған мета-талдау әлеуметтік байланыстары берік адамдардың зерттеу кезеңіндегі тірі қалу ықтималдығы 50 пайызға жоғары екенін көрсеткен, — деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар Әйгерім Жақыпбек қазақ қоғамындағы үлкенге құрмет көрсету дәстүрі мен ақсақалдардың әлеуметтік рөліне де тоқталды. Бұрын бірнеше ұрпақтың бір шаңырақ астында өмір сүруі егде жастағы адамдардың отбасымен тығыз байланыста болуына мүмкіндік берді.

– Қазір урбанизация, көші-қон және балалардың бөлек тұруы бұл қатынастарға өзгеріс енгізіп жатыр. Негізі зейнет – ер адам өміріндегі ең осал кезеңдердің бірі. Оған алдын ала дайындалу керек: жұмыстан тыс қызығушылықтар, достар мен қоғамдық белсенділік қалыптастыру қажет, — дейді әлеуметтанушы.

Ол сондай-ақ егде жастағы ерлердің қоғамнан оқшауланбауына, әлеуметтік байланыстарын сақтап қалуына жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

– Мұндай бағытта халықаралық тәжірибе де бар. Мәселен, Аустралияда пайда болған Men’s Sheds (Ерлер шеберханасы) қозғалысы егде жастағы ер адамдардың бірлесіп шеберлікпен айналысуына, араласуына және әлеуметтік байланыстарын сақтап қалуына мүмкіндік береді. Бізде мұндай рөлді ақсақалдар кеңестері, белсенді ұзақ өмір орталықтары, шахмат және спорт клубтары, тәлімгерлік бағдарламалар атқара алады, — деді ол.

«Ерлер денсаулығына арналған ұлттық бағдарлама қажет»

Кәмшат Толғанбаева ерлердің денсаулығын жақсарту үшін профилактикалық жұмыстың тәсілін өзгерту қажет деп санайды.

Оның диссертациялық зерттеуінде медицина қызметкерлеріне арналған арнайы тексеру парағы мен ер адамдардың денсаулығына төнетін қауіптерді өз бетінше бағалауына мүмкіндік беретін қысқа онлайн сауалнама ұсынылған. Сондай-ақ кәсіпорындарда профилактикалық тексерулер ұйымдастырып, бұл жұмысқа жұмыс берушілерді тарту көзделген.

Ғалымның пікірінше, ерлердің денсаулығын сақтау мәселесін тек несеп-жыныс және репродуктивті жүйе ауруларымен байланыстыруға болмайды. Созылмалы аурулардың алдын алу, темекі мен алкоголь тұтынуды азайту, дұрыс тамақтану мен дене белсенділігін арттыру да маңызды.

– Ер адамдардың мінез-құлқын тек ақпарат беру арқылы өзгерту мүмкін емес. Денсаулықты нығайтуға жағдай жасау қажет, оның ішінде тікелей жұмыс орындарында да. Сондықтан ұсынылған модель профилактикалық шараларды ұйымдастыруға және денсаулыққа қолайлы еңбек ортасын қалыптастыруға жұмыс берушілердің белсенді қатысуын көздейді, — дейді Кәмшат Толғанбаева.

Әлеуметтанушы Әйгерім Жақыпбек ерлер денсаулығын сақтау мәселесін мемлекеттік деңгейде шешу қажет деп есептейді. Ол үшін басқа елдердің тәжірибесін ескеріп, профилактикалық шараларды ер адамдардың өмір салтына бейімдеуді ұсынады.

– Ер адам дәрігерге өзі бармаса, медицинаның өзі оған жақындауы керек. Бұл жұмыс орнындағы скрининг, кешкі және демалыс күндері қабылдау, 40 жастан асқан ерлердің қан анализін, қысымын, холестерині мен қантын тұрақты тексеру сияқты шаралар. Халықаралық тәжірибеде Канада ерлерді дәрігерге қаралуға ынталандыру үшін еркектіктің жағымды қырларын насихаттайды, Аустралия мен Ирландия ең осал топтағы ерлерге назар аударады, ал Моңғолия ерлер денсаулығын жалпы даму жоспарына енгізген. Қазақстанға да ерлер денсаулығына арналған ұлттық бағдарлама қажет, — дейді зерттеуші.

Екі сарапшының тұжырымдары бір мәселеге кеп тіреледі: ерлердің өмірін ұзарту үшін олардың жеке жауапкершілігін арттыру жеткіліксіз. Қоғамдағы қалыптасқан түсініктер, еңбек жағдайы, медициналық көмектің қолжетімділігі және егде жастағы адамдардың әлеуметтік өмірі де ескерілуі керек. Өйткені ер адамның денсаулығы тек өзінің жеке мәселесі емес. Оның уақытында дәрігерге қаралуы, психологиялық қиындықтарын жасырмауы және денсаулығына көңіл бөлуі өзі жауапкершілік сезінетін отбасының да әл-ауқатына тікелей қатысты.

Фото: ашық дереккөз

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *