29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Ел тұрғындары алдағы бес жылда жергілікті өкілді органдарда өз мүддесін қорғайтын депутаттарды таңдайды. Қазір өңірлерде сайлау алдындағы үгіт науқаны жүріп жатыр. Бұл жолы қанша депутат сайланады, дауыс беру қалай өтеді және сайлау учаскесін қайдан білуге болады?

Ел бойынша қанша депутат сайланады

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, биыл еліміздегі 228 мәслихаттың құрамы жаңарады. Оның ішінде 20 облыстық, 38 қалалық және 170 аудандық мәслихат бар.

Облыстық мәслихаттарға 668, қалалық мәслихаттарға 626, ал аудандық мәслихаттарға 2 153 депутат сайланады. Осылайша, республика бойынша барлығы 3 447 депутаттық мандат қарастырылған.

Депутаттар жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.

Мәслихат депутаттары немен айналысады

Мәслихат – жергілікті тұрғындардың мүддесін білдіретін өкілді орган. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді талқылап, маңызды шешімдер қабылдауға қатысады.

Олардың негізгі міндеттерінің бірі – жергілікті бюджетті бекіту және оның орындалуын бақылау. Сондай-ақ өңірді дамыту бағдарламаларын қарайды, тұрғындардың мәселелерін көтереді және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты бірқатар мәселелерді қарастырады.

Депутаттар қандай жүйемен сайланады

Қазақстанда мәслихаттың деңгейіне қарай сайлаудың екі түрлі жүйесі қолданылады.

Облыстарда, Астанада, Алматы мен Шымкентте аралас сайлау жүйесі қарастырылған. Яғни депутаттардың жартысы партиялық тізім арқылы, қалған жартысы бірмандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Мандат саны тақ болған жағдайда оның басым бөлігі бірмандатты округтерге беріледі.

Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары тек бірмандатты округтер бойынша сайланады. Бұл жағдайда тұрғындар саяси партияға емес, нақты кандидатқа дауыс береді.

Кімдер мәслихат депутаты бола алады

20 жасқа толған Қазақстан азаматы мәслихат депутаттығына кандидат бола алады. Ол үшін міндетті түрде саяси партияның мүшесі болу шарт емес.

Саяси партиялар өз кандидаттарын партиялық тізімге енгізе алады немесе бірмандатты округтер бойынша ұсынады. Заңда көзделген жағдайларда қоғамдық бірлестіктер де кандидат ұсынуға құқылы. Сонымен қатар азаматтар бірмандатты округ бойынша өз кандидатурасын ұсына алады.

Сайлауға қандай партиялар қатысады

Орталық сайлау комиссиясы мәслихат сайлауына жеті саяси партияны жіберу туралы қаулы қабылдады. Олардың қатарында:

  • «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы;
  • «Ауыл» партиясы;
  • «Әділет» партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
  • Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
  • Қазақстан Халық партиясы;
  • «Respublica» партиясы бар.

Мәслихат депутаттығына үміткерлердің толық тізімі Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында өңірлер бойынша жарияланған.

Депутаттыққа үміткерлер қанша жарна төлейді

Сайлауға қатысатын кандидаттар үшін арнайы жарна қарастырылған. Оның мөлшері ең төменгі жалақының бес есесіне, яғни 425 мың теңгеге тең.

Саяси партиялар тізімге енгізілген әрбір кандидат үшін осы соманы өз қаражаты есебінен төлейді. Ал өзін-өзі ұсынған азаматтар жарнаны тіркеуден өтпес бұрын аударуы керек.

Дегенмен саяси партияларға алдыңғы сайлауда жинаған дауысына қарай жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, тиісті аумақтық сайлау округі бойынша:

  • 5 пайыздан астам дауыс жинаған партиялар жарна төлеуден босатылады;
  • 3-5 пайыз дауыс жинаған партиялар жарнаның 50 пайызын төлейді;
  • 1-3 пайыз дауыс жинаған партиялар жарнаның 70 пайызын төлейді.

Егер алдағы сайлаудың нәтижесінде саяси партия немесе өзін-өзі ұсынған кандидат кемінде 5 пайыз дауыс жинаса, төлеген жарнасы қайтарылады. Қалған жағдайда қаражат республикалық бюджетке аударылады.

Сайлау алдындағы үгіт науқаны қашан аяқталады

Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 14-27 қазан аралығында өтті. Ал кандидаттар мен партиялық тізімдерді тіркеу 1 қарашада сағат 18:00-де аяқталды.

Қазір елімізде сайлау алдындағы үгіт науқаны жүріп жатыр. Кандидаттар мен саяси партиялар өз бағдарламаларын таныстырып, сайлаушылармен кездесулер өткізе алады. Үгіт жұмыстары 27 қарашаға дейін жалғасады.

28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлау алдындағы кез келген үгіт жұмысына тыйым салынады.

Дауыс беру қалай өтеді

29 қарашада сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда жекелеген учаскелерде заңға сәйкес дауыс берудің өзге уақыты белгіленуі мүмкін.

Сайлауға 18 жасқа толған, дауыс беру құқығы бар Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Сайлаушылар тізімімен танысу 13 қарашада басталды. Азаматтар дауыс беру күніне дейін тізімде бар-жоғын және жеке деректерінің дұрыс енгізілгенін алдын ала тексере алады.

Сайлау күні учаскеге жеке басты куәландыратын құжатпен бару қажет.

Астаналықтар өз сайлау учаскесін қалай біле алады

Елорда әкімдігінің мәліметінше, қала тұрғындары үшін сайлау учаскесінің мекенжайын анықтаудың үш тәсілі қарастырылған. Ол үшін арнайы онлайн сервистер мен бірыңғай байланыс орталығының қызметіне жүгінуге болады.

Астаналықтар өз учаскесін:

  • sailau.astana.kz ресми сайты;
  • Telegram желісіндегі «Сайлау Астана» чат-боты;
  • 109 нөміріне хабарласып, iKomek бірыңғай байланыс орталығы арқылы біле алады.

Тұрғындарға сайлау күні қиындық туындамас үшін дауыс беретін учаскесінің мекенжайын алдын ала нақтылап алу ұсынылады.

Сайлау қорытындысы қашан жарияланады

Заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаттары сайлауының қорытындысы дауыс беру күнінен кейін бес күннен кешіктірілмей анықталуға тиіс. Яғни 4 желтоқсанға дейін сайлау нәтижесі белгілі болады.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровке алдағы мәслихат сайлауында барлық кандидатқа тең жағдай жасауды тапсырған еді.

Фото: AI көмегімен жасалды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *