«Әділет» партиясынан Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттығына үміткерлер Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Жиында ауылдық аумақтарды дамыту, жергілікті бюджеттің дербестігін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері талқыланды.

Кездесуге облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Руслан Рүстемұлы, Нұрболат Ибраев, Әбдімәжит Төлеутай және Дәулет Ізбасар қатысты.

Үміткерлер партия бағдарламасындағы «Өңірлер мықты болса – ел мықты» бағытына кеңінен тоқталды. Бұл бағыттың негізгі мақсаты – ауылдардың дамуына жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдердің ықпалын күшейту. Осы орайда мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту, ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттыру және бюджет қаражатын тұрғындар үшін маңызды мәселелерді шешуге бағыттау ұсынылып отыр.

Сондай-ақ ауылдық округтердің кіріс көздерін көбейту үшін қосымша салық көздерін беру мәселесі қарастырылған. Бұл әкімдіктердің жергілікті бюджетті қалыптастыру мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, қаражатты тиімді жұмсауға деген жауапкершілігін де арттыруға тиіс. Ал оның орындалуы ашық есептілік пен бақылау тетіктері арқылы қамтамасыз етілмек.

Депутаттыққа үміткер Руслан Рүстемұлы ауылдағы өмір сапасы ең алдымен ауыз су, электр қуаты, жол және интернет сияқты негізгі инфрақұрылымның қолжетімділігіне байланысты екенін атап өтті.

«Біздің ұстанымымыз – азаматтың қай жерде тұратынына қарамастан, негізгі әлеуметтік игіліктерге қол жеткізуіне жағдай жасау. Адамның ауылда немесе қалада тұру таңдауы инфрақұрылымның тапшылығына тәуелді болмауы керек. Сондықтан бағдарламада елді мекендерді үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету, су жүйелерін жаңарту, электр желілерінің сапасы мен тұрақтылығын арттыру міндеттері қамтылған. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының 97 пайызын интернетпен қамту көзделіп отыр. Бұл білім беру, медициналық және мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттырып, ауыл кәсіпкерлеріне өнімдерін онлайн сатуға жол ашады», – деді Руслан Рүстемұлы.

Қызылорда облысы үшін айрықша маңызға ие тағы бір мәселе – су ресурстарын тиімді пайдалану. Өңір экономикасының маңызды салаларының бірі саналатын суармалы егіншіліктің тұрақты дамуы суару жүйелерінің жағдайына және судың үнемді бөлінуіне тікелей байланысты.

Осы мәселеге тоқталған үміткер Нұрболат Ибраев партия бағдарламасында су шаруашылығын жаңғыртуға бағытталған нақты міндеттер белгіленгенін жеткізді.

«Қызылорда облысында ауыл шаруашылығының дамуы су ресурстарына тікелей тәуелді. Сондықтан суару және мелиорация жүйелерін жаңғырту – кезек күттірмейтін міндет. Бағдарламада 2030 жылға қарай 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын жаңғырту және 14,5 мың шақырымға жуық суару арнасын салу мен қайта жаңарту көзделген. Бұл су шығынын азайтып, шаруашылықтарға суды тиімді әрі әділ бөлуге мүмкіндік береді», – деді Нұрболат Ибраев.

Ол ауыл тұрғындарының табысын арттыруда кәсіпкерліктің де рөлі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауыл экономикасын тек мал және егін шаруашылығымен шектемей, өнім өңдеу, қызмет көрсету, қолөнер және басқа да кәсіп түрлерімен әртараптандыру қажет.

Осы бағытта «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген шағын несие беру тетігін дамыту ұсынылып отыр. Бұл қаржы жеке кәсіп ашуға немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге мүмкіндік береді. Партияның алдағы бес жылға арналған жоспарында ауылдағы 1 миллион тұрғынның табысын арттыру міндеті де қамтылған.

Жиында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Сайлауалды бағдарламада 2030 жылға қарай 1 200 тірек және 2 300 серіктес ауылды өңірлік стандарттарға сәйкес қажетті әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз ету көзделген. Мұндай жүйе арқылы тірек ауылдарда шоғырланған білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтерді айналасындағы елді мекендердің тұрғындарына да қолжетімді ету жоспарланып отыр.

Жол сапасын жақсарту да ауыл тұрғындары үшін маңызды міндеттердің бірі. Бағдарламада облыстық және аудандық маңызы бар жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 86 пайыздан 95 пайызға дейін жеткізу межеленген. Бұл елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік нысандарға жету мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Кездесу барысында Қарауылтөбе тұрғындары үміткерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, ауылдың күнделікті тіршілігіне қатысты ұсыныстарын білдірді. Үміткерлер көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, оларды шешуде жергілікті ерекшеліктер мен тұрғындардың сұранысын ескеру қажеттігін жеткізді. Талқыланған бастамалардың түпкі мақсаты – ауылдардың экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымын дамыту және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.

Тапсырыс беруші: Базартай Н.Ж.
Қызылорда облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *