Қазақстан – қауіпсіздік деңгейі жоғары елдердің қатарында
Қазақстан – қауіпсіздік деңгейі жоғары елдердің қатарында, — деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
2026 жылға арналған Жаһандық терроризм индексінің (GTI) деректері Қазақстанның әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, еліміздің терроризм көрсеткіші нөлдік деңгейде бағаланған. Бұл – ел аумағында террорлық қауіптің жоқ екенін және мұндай оқиғалардың тіркелмегенін білдіреді.
Қазақстанмен бірге нөлдік көрсеткішке ие болған мемлекеттердің қатарында Қырғызстан, Түркіменстан және Молдова бар. Бұл елдер де қауіпсіздік деңгейінің жоғары екенін көрсетіп отыр.
Халықаралық сарапшылардың пікірінше, мұндай нәтижеге қол жеткізу – жүйелі әрі кешенді жұмыстың жемісі. Атап айтқанда, қауіп-қатердің алдын алу тетіктерінің тиімділігі, құқық қорғау органдарының үйлесімді қызметі және халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық маңызды рөл атқарады.
Жалпы алғанда, Қазақстанның бұл көрсеткіші елдегі тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің берік негізде қалыптасқанын айғақтайды.

Фото: Ашық дереккөз












