Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электрондық еңбек биржасындағы ахуалды жариялады.

Наурызда электрондық еңбек биржасында 102,6 мың бос жұмыс орны жарияланды. Сол кезеңде жұмыс іздеушілер 107,1 мың түйіндеме орналастырған. Формалды түрде түйіндеме әлі де көп. Бірақ арадағы айырма енді бұрынғыдай емес — шамамен 4,5 мың ғана. Салыстыру үшін айтсақ, қаңтарда бұл алшақтық 60 мыңға жуық болған, ақпанда 26 мыңға дейін түскен.

Жыл басынан бері Enbek.kz-те 304,3 мың вакансия және 394,4 мың түйіндеме жарияланған. Наурыздың өзінде бос жұмыс орындарының саны ақпанмен салыстырғанда 3,7%-ға өскен. Ал түйіндеме саны 14,3%-ға қысқарған.

Ең үлкен сұраныс дәстүрлі түрде әлеуметтік маңызы бар салаларда сақталып отыр.

  • Білім беру саласында 22,6 мың бос жұмыс орны тіркелген.
  • Өзге де қызметтер көрсету бағыты, мұнда 21,2 мың вакансия.
  • Денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 8,7 мың бос жұмыс орны
  • Ал ауыл, орман және балық шаруашылығы бағытында 7,9 мың қызметкер қажет.

Өңірлерге қарасақ, ең көп вакансия Түркістан облысында жарияланған — 7,7 мың. Қарағанды облысында 7,6 мың бос жұмыс орны бар. Астанада және Павлодар облысында көрсеткіш бірдей — 7,2 мыңнан. Атырау облысында 6,5 мың вакансия тіркелген.

Жас ерекшелігі бойынша еңбек нарығында жастар басым. Түйіндеме жариялағандардың 42%-ы — 35 жасқа дейінгі азаматтар. 35–44 жас аралығындағы үміткерлер 26%-ды құраса, 45–54 жас аралығындағылардың үлесі 20%. Ал 55 жастан асқан жұмыс іздеушілер 12% ғана. Гендерлік тұрғыда әйелдер белсендірек: түйіндеменің 54%-ын әйелдер, 46%-ын ерлер жариялаған.

Бірақ еңбек нарығындағы ең қызық көрініс жалақы бөлігінде байқалды. Жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары айлықтар миллионнан асқан. Ең қомақты ұсыныс заң жұмысы жөніндегі бөлім басшысының орынбасарына берілген — шамамен 1,4 млн теңге. Бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы қызметіне шамамен 1,38 млн теңге ұсынылған. Ал өндіруші өнеркәсіптегі өндіріс басшысына 1,14 млн теңге төлеуге дайын болған.

Түйіндемелерде ең үлкен жалақы күткендер — HR бизнес-серіктестері, олар шамамен 4,2 млн теңге сұраған. Ал бұрғылау ұңғымаларында жүргізілетін арнаулы геофизикалық зерттеулер кешені 3 млн теңгеге жуық айлық көрсеткен. Өнеркәсіп саласындағы зертхана басшылары 2,5 млн теңге көлемінде жалақы күтетінін жазған.

Фото: ЖИ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *