Мемлекет басшысы ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ Ақордаға сілтеме жасап. Сондай-ақ Президент жиын барысында «Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі» екенін баса айтты.

«Ең алдымен, Ғылым қызметкерлері күні баршаңызға құтты болсын деймін. Осы белгілі мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым.

Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Қазір осы залда түрлі салада зор табысқа жеткен зерделі зерттеушілеріміз отыр. Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Хакім Абай айтып өткендей, «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ». Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тағылым.

Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен, ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек», деді Мемлекет басшысы.

Фото: Ақорда

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *