Төретамдық оқушылар Байқоңыр ғарыш айлағына саяхаттады
Бүгін Төретам кенті әкімдігінің ұйымдастыруымен кент орталығындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары үшін ерекше танымдық саяхат ұйымдастырылып, олар Байқоңыр ғарыш айлағындағы Инфракос РМК нысандарына барды.
Экскурсия барысында оқушылар ғарыш саласының маңызды нысандарымен танысты. Атап айтқанда, «Монтаждау және жанармай құю корпусы» кешенінде зымырандарды құрастыру мен ұшуға дайындау кезеңдері туралы мәлімет алды. Сонымен қатар, «Динамикалық сынақ стендінде» ғарыш техникаларының беріктігі мен сенімділігі қалай тексерілетінін көрді.

Сапардың ең әсерлі бөлігі – адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ұшқан тарихи орын — «Гагарин старты» болды. Бұл жер оқушыларға ғарыш дәуірінің бастауын сезінуге мүмкіндік берді. Аталған экскурсия тек танымдық емес, сонымен қатар тарихи-өлкетану бағытында да үлкен маңызға ие болды. Оқушылар туған өлкесінің ғарыш саласындағы рөлін тереңірек түсініп, ғылым мен техникаға деген қызығушылықтарын арттырды.
Мұндай шаралар жас ұрпақтың білімін көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ел тарихына деген құрметін нығайтып, болашақ мамандық таңдауға да оң әсерін тигізеді.








