Иранда өлім жазасына кесілгендер саны күрт артты
Иранда 2025 жылы өлім жазасына кесілгендер саны күрт атты, деп хабарлайды Orda.kz Iran International-ға сілтеме жасап.
Екі құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Иран билігі 2025 жылы кемінде 1639 адамды өлім жазасына кескен. Бұл соңғы 36 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
«Ирандағы адам құқықтары ұйымы» мен «Өлім жазасына қарсы» ұйымының бірлескен жылдық есебіне сәйкес, өлім жазасына кесілгендердің арасында 48 әйел бар.
2025 жылғы көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 68%-ға жоғары. Ал 2024 жылы кемінде 975 адам өлім жазасына кесілген еді.
Сарапшылар 2025 жылы Иранда күн сайын орта есеппен 4-тен астам адам өлім жазасына кесілгенін мәлімдеді. France 24 мәліметінше, бұл сан — расталған ең төменгі көрсеткіш, өйткені көптеген жағдайлар ресми БАҚ-та жарияланбаған.
«Билік 2025 жылы күніне 4–5 адамды өлім жазасына кесу арқылы қоғамда қорқыныш туғызып, жаңа наразылықтардың алдын алуға және әлсіреп бара жатқан билігін сақтап қалуға тырысты», деді Ирандағы адам құқықтары ұйымының директоры Махмуд Амири-Могадам.
Айта кетейік, Иран үкіметі 12 күндік соғыстан кейін көптеген азаматтарды «тыңшылық» және Израильмен «ынтымақтастық» айыптарымен ұстап, соттап, тіпті өлім жазасына кескен.
Олардың қатарында Акил Кешаварз, Джавад Наими, Бахрам Чуби Асл, Бабак Шахбази, Рузбех Вади және Маджид Масиби бар.
Фото: Орда.кз












