Қызылорда облысы Жалағаш ауданының білім саласында табанды еңбек етіп жүрген білікті педагогтің бірі – Құралай Мамзадаева. Оқушы күнінен мұғалім мамандығына құштар ол бүгінде арманына қол жеткізген, шәкірт бойына білім мен тәрбие нұрын қатар сепкен тәжірибелі ұстаз.

Құралай Ғалымқызы еңбек жолын туған ауылы – Мырзабай ахун елді мекеніндегі №122 орта мектептен бастады. Жас маман ретінде тәжірибелі педагогтар кеңесімен білім беруге белсене ол кейін Жалағаштағы №123 мектеп-лицейде, одан соң №33 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарды.

Әріптестерінің сөзінше, оның әр жетістігі – табандылық пен үздіксіз ізденістің жемісі. Құралай «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсында аудандық кезеңде І, облыстық кезеңде ІІІ орын алып, республикалық кезеңде «Өз ісінің шебері» номинациясын иеленді. Астанада өткен халықаралық конференцияда баяндама жасап, еңбегі халықаралық ғылыми жинаққа енді.

– Құралай – мақтан етуге тұрарлық мұғалім. Айталық, ол 2020 жылы Жезқазған қаласында өткен «Индустрия 4.0: STEAM білім берудегі технологиялар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, министрліктің І дәрежелі дипломын алды. Сол жылы Қазақстан педагогтар қауымдастығы ұйымдастырған «Үздік педагог – 2020» байқауына қатысып, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері атанды. Сондай-ақ «Білім беру ісінің үздік педагогы – 2020» республикалық байқауында жеңімпаз болып, І дәрежелі диплом және арнайы төсбелгімен марапатталды. Бұдан бөлек, «Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы республикалық байқауда ІІІ дәрежелі диплом иеленді. Жалпы бастауыш сынып мұғалімдері арасындағы қандай байқау болмасын, біздің әріптесіміз ұдайы алдыңғы жүлделі орындарды жеңіп алатын, – дейді Жалағаш аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жазира Жүргенова.

Құралай өткен жылы кәсібилігін тағы дәлелдеп, аудандық «Үздік магистр» байқауында ІІ орын алыпты. Сонымен бірге «Алтын тұғыр» олимпиадасында І орынға ие болған. «Білім берудегі 1000 көшбасшы» республикалық кадрлық резервіне қабылданып, Оқу-ағарту министрлігінің сертификатын иеленуі – оған мемлекет деңгейінде көрсетілген үлкен сенім.

– Педагогика ғылымдарының магистрі, педагог-зерттеуші санатындағы ұстаздың 13 жылдық еңбек өтілі бар. Қазір №33 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаруда. Білім берумен шектелмей, жас ұрпақты тәрбиелеуде жаңашыл әдістерді тиімді қолдана отырып, шәкірттерінің жан-жақты дамуына жол ашып жүр. Тәрбие орынбасары ретінде де өз шеберлігін көрсетіп, «Үздік тәрбие орынбасары – 2025» облыстық байқауында ІІ орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Тәрбие орынбасарларына арналған дебат ойындарының жеңімпазы, ал оқушылары аудандық, облыстық дебат ойындарының жүлдегері атанып, республикаға жолдама алып отыр, – дейді Ж. Жүргенова.

Білікті маман, өнегелі отбасы ұйытқысы, төрт баланың аяулы анасы биылғы оқу жылында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» олимпиадасының аудандық және облыстық кезеңдерінде топ жарды. Артынша Астанада өткен республикалық кезеңінде І орын иеленіп, облыс мәртебесін асқақтатты.

Ұстаз жетістігі – оның білім саласына қосқан зор үлесінің айқын дәлелі. Құралай – жаңашылдыққа ұмтылған, шәкірт жүрегіне жол таба білген, өз ісінің нағыз шебері десек, артық айтпағандаймыз.

Фото: Жалағаш аудандық білім бөлімі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *