Қызылорда облысы Қазалы ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеке сәсібін өркендеткендер көбейді. Мемлекет қолдауын алған кәсіпкерлер жұмысын аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы барып көрген болатын, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Айталық, екі жыл бұрын бағдарлама аясында несие алып, кәсібін бастаған жеке кәсіпкер Абзал Сағидуллаев темір жону цехымен ашыпты. Жеке кәсіпкер 9,2 млн теңге жеңілдетілген несие алып, арнайы тапсырыс арқылы техникаларға қажетті темір бөлшектерді жөндеу, темірді кесу, жону, тозығы жеткен темір бұйымдарын қайта қалпына келтіру сынды жұмыстармен айналысуда. Қазір бұл жұмысына сұраныс жоғары, Қазалыдан бөлек, көршілес аудандардан да техникалардың бөлшектерін жөндетуге келушілер бар.

Ал Мейрамбек Кеулімжаевтың жылыжай кәсібі былтыр басталған. Бағдарлама аясында 9,3 млн теңге несие алып кәсіп бастаған азамат жылыжайда қияр өсірумен айналысуда. Кәсіпкердің айтуынша жылыжай мамыр айының алғашқы онкүндігінде өнім бермек. Мұнда қазір 1000-нан астам қияр көшеті егілген. Алдағы уақытта кәсіпкер өнім көлемін көбейтіп, кәсібін әрі қарай жандандыруды жоспарлап отыр.

Осы жылы Асқар Қожаназаров та аудан орталығынан «Автокөліктерге қызмет көрсету орталығы» ашу мақсатында 8,1 млн теңге несие алып, ап өз кәсібін бастап кетті. Әзірге 1 адамды жұмыспен қамтып отырған оның орталығы көлік жөндеу, май ауыстыру және автокөліктің барлық электр және электрондық жүйелерін жөндеу қызметін көрсетуде.

Әйтеке би кентіндегі «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсібін дөңгелеткен азаматтардың бірі – Нұрқанат Әбілдаев. Кәсіпкер 2024 жылы 7 млн теңге несие алып, қаңылтыр бұйымдарын жасау цехын ашқан. Кәсіп иесі қаңылтырдан түрлі бұйымдар, оның ішінде көп сұранысқа ие газ мұржасын жасаумен айналысады. 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.

Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесуде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, тұрғындардың өз кәсібін ашуға деген белсенділігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ елде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты мақсаты – тұрғындардың табысын арттырып, кәсіпкерлікке бейімді азаматтарға нақты қолдау көрсету екенін баса айтты.

 

Айта кету керек, 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Ауыл аманаты» бағдарламасын қаржыландыру басталғалы бері Қазалы ауданында 170-тен астам азамат өз ісін бастап, аудан экономикасының дамуына үлесін қосып келеді.

Фото: Қазалы ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *