Сыр – Алаштың анасы атанған Қызылорда облысы халқының 97 пайызы қазақтар. Қалған 3 пайызын орыс, корей, өзбек секілді өзге этнос өкілдері құрайды. Дегенмен, жүзі басқа – жүрегі бір, тілі басқа – тірегі бір деуге болады. Себебі сыр жұртының 95,7 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген. Оған жылдар бойы жүргізілген тіл саясаты мен Тілдерді оқыту орталығының жүйелі жұмысы себеп. Бүгінгі жазбамызда осы орталық жайлы айтқымыз келеді. Алдымен, мекеменің тарихына тоқталайық.

«Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» 2008 жылдың 14 сәуірінде іргетасы қаланды. Кейін 2016 жылдың 30 маусымында облыс әкімінің № 509 қаулысымен «Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы» «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і болып қайта құрылды. Бүгінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында мемлекеттік тілді және орыс, ағылшын тілдерін оқыту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында елеулі еңбек етіп келеді. Орталықтың құрылып, өз құзыреті шеңберінде жұмыстарын үздіксіз жалғастырып, жандандырып келе жатқанына 17 жылдан астам уақыт өтті. Орталықта осы кезеңге дейін жалпы 38 қызметкер жұмыс істеді. Қазіргі таңда облыс әкімінің оңтайландыру жұмыстары бойынша Орталық штаты қысқарып, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының қоғамдық келісім және тіл орталығы» болып қайта құрылды.

Байырқалы бірлестіктің бітірген жемісті жұмысы жетерлік. Былтырдың өзінде орталық арқылы 1901 адам, оның ішінде 1000 адам – мемлекеттік тіл, 424 адам – орыс тілі және 477 адам – ағылшын тілі курстарынан өтіп, сертификат алды. Оқытушылардың жаңартылған білім мазмұны бойынша тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында «Тілдерді оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті.

Сондай-ақ, ағартушылық бағытта атқарылған бастамалар да бар. Басылым беттерінде де тіл туралы талдамалы мақалалар жарияланып келеді. Мәселен, бір жылдың бедерінде 23 мекемеге оқу-әдістемелік құралдар таратылып, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда 21 мақала, оның ішінде 1-еуі «Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми журналында жарық көрді. 10–20 қазан аралығында өткен Ә. Қоңыратбаевтың 120 жылдығына арналған ғылыми конференция мақалалары «Білім кені» республикалық ғылыми-танымдық журналында жарық көрді. Әлеуметтік желілер арқылы жасалған жұмыстар жайын да айтайық. Орталықтың әлеуметтік желі парақшасында «Көнеден жеткен сөз – мұра», «Тіл – қазына», «Сөзтүзер», «Ұлылар ұлағаты», «Трендтегі сленгтер», «Sing & Learn English», «Сөз орамдары», «Practical English» айдарлары үздіксіз жүргізіліп келеді.

Орталықтың айқын имиджін қалыптастыратын, ерекшелігін танытатын логотип үлгілерін анықтау және креативті идеяларды қолдау мақсатында «Үздік логотип» байқауы ұйымдастырылып, үздік авторлық жұмыс Орталықтың жаңа логотипі ретінде жарияланды. Сондай-ақ, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң туралы білім деңгейін көтеру және азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында «Заң және қоғам» тақырыбында ашық пікір алаңы өтті. Жастар арасында тіл тазалығын сақтау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында өңірдегі танымал жайдарманшы командалар арасында «Тіл – қылыштан да өткір» тақырыбында облыстық жайдарман сайысы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, орталық жанынан құрылған Ғылыми кеңестің отырысы тоқсанына бір рет тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ғылыми кеңесте Орталық мамандарының әзірлеген әдістемелік құралдары мен даталы мерейтой иелеріне арналған ғылыми мақалалардың жоба нұсқалары таныстырылып, мақұлданады.

Бұл біз байқаған жұмыстың бір бөлігі ғана. Айта берсең, өңірде тіл саясатына бағытталған бастама жетерлік. Қым-қуырт тіршіліктің арасында мекеме қызметкерлері де өздерінің кәсіби біліктілігін арттырып, білімін жетілдіріп келеді. Топ жарып жүргендері де бар. Мәселен, А. Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы» байқауында Орталықтың оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Г. Сембиева жүлделі І орынды иеленді. 2022 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі республикалық байқауда Орталық оқытушысы А. Орынбаева, 2023 жылы Г. Дүзеновалар Бас жүлдені иеленіп, орталық абыройын асқақтатты. 2025 жылы Орталық қызметкері А. Орынбаева Ел Президенті Қ. Тоқаевтың бұйрығымен «Шапағат» орденін иеленді. Сондай-ақ, Орталық қызметкері Ж. Ерекешова ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ана тіліне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Қазір қайта құрылғанын айттық. Енді мекеме «Қызылорда облысының қоғамдық келісім және тіл орталығы» деп аталып, өз жұмысын жалғайтын болады. Бұл – екінші тыныс іспеттес. Себебі тілі түзу тұрғындардың келісімі келісті, бірлігі бекем болатыны белгілі.

Жұмыстарыңызға сәттілік, шығармашылық табыс тілейміз.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *