Қызылорда облысы, Арал аудандық мәдениет үйінде Социалистік Еңбек Ері, даңқты капитан Төлеген Әлімбетовтің 100 жылдығына арналған «Теңізбен тілдескен, толқынмен бірге өскен» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Кеш аясында фойеде балықшылар өмірін бейнелейтін фотокөрме, тарихи құжаттар мен архивтік материалдар, сондай-ақ кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Шара шымылдығы Төлеген Әлімбетовтің өмір жолы мен еңбек ерлігін кеңінен баяндалған театрландырылған прологпен басталды. 1926 жылы Арал өңірінде дүниеге келген ол еңбек жолын ерте бастан, балық шаруашылығында табандылығымен танылып, «Ленинград» кемесінің штурманы ретінде тың бастамаларға жол ашты. Оның кәсіби шеберлігі мен батылдығы балық аулау ісінің дамуына зор үлес қосты.
Тағылымды кеште аудан әкімінің орынбасары Н. Бохаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерейтоймен құттықтап, еңселі ердің ел дамуына қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде еңбек адамының бейнесі – бүгінгі ұрпақ үшін мәңгілік үлгі екенін жеткізді.
«Ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1966 жылы «Ленин» орденімен марапатталып, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Бұл – тек жеке тұлғаның ғана емес, тұтас Арал өңірінің мерейін асырған тарихи жетістік», деді ол.
Одан соң сахна төріне аудандық ардагер кеңесінің төрағасы Ә. Әйімбетов шығып, өз естеліктерімен бөлісті. Төлеген Әлімбетовтің адамгершілік болмысы, еңбекке адалдығы мен көшбасшылық қасиеттерін тебіреніспен жеткізді. Оның әрбір сөзі – тұтас бір дәуірдің шежіресіндей әсер қалдырды.
Сондай-ақ, ел ағалары Әлішов Жұбандық, Қожанов Болатбек сөз алып, теңіз төсіндегі еңбек жылдарынан сыр шертіп, бірге өткерген сәттерді жүрекжарды ықыласпен еске алды. Бұл естеліктер кештің рухани мазмұнын тереңдете түсті.
Мәдени бағдарлама аясында теңіз, туған жер және балықшылар тақырыбына арналған ән-күй орындаулары ұсынылып, кеш мазмұнын көркемдік тұрғыда байыта түсті.
Кештің айтулы сәтінің бірі – еңбек ерінің жолын жалғаған ұрпағы Әлімбетов Жадырасын сөз сөйлеуі болды. Ол әке аманатына адалдық, отбасы тәрбиесі мен еңбекке деген құрмет жайлы тағылымды ойларымен бөлісті. Оның жүрекжарды лебізі көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кештің маңызын айқындай түсті.
Фото: Арал ауданы әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Елеулі есім

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *