Қызылорда: Теңізді өлкеде жаңа спорт кешені тұрғызылуда
Қызылорда облысы, Арал ауданындағы Шижаға ауылында бой көтеріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы бүгінде қарқынды түрде жалғасуда. Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жұмыс сапарымен ауылға барып, тұрғындар игілігіне арналған маңызды нысанның құрылысымен танысты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Қазір ғимараттың негізгі құрылысы толықтай жүзеге асырылған. Атап айтқанда, спорт кешенінің ішкі бетон еден төсеніштері мен қабатаралық бетон бөлгіштерін құю жұмыстары сапалы атқарылды. Нысанға сыртқы ауыз су, кәріз және әуе электр желілері жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ ғимараттың ішкі әрлеу, сырлау және кафель төсеу жұмыстары толық аяқталды. Қазіргі таңда спорттық линолеум төсеу, сыртқы қоршауларды орнату, асфальт және брусчатка төсеу секілді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алыстан көз тартатын зәулім спорт кешенінің құрылысын «Болашақ» ЖШС мекемесі жүзеге асыруда.
Нысан аумағын абаттандыру, ішкі тазалық пен құрылыс сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өткен аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар анықталған кемшіліктер бойынша ескертулер жасап, барлық жұмыстың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетейік, аталған спорт кешені алдағы уақытта ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жаңа нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын насихаттауға тың серпін бермек.
Фото: Аудан әкімінің баспасөз қызметі












