Руханият
Сыр өңірінде ұлттық рух ұлықталды: Музей қызметкерлері мен қала жастары спорттық сайыста бақ сынасты
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Сыр өңірінде ерекше сипаттағы мәдени-спорттық шара өтті. Мереке аясында музей саласы қызметкерлері мен қала жастарының қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен тартысты сайыс ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Бұл шара тек спорттық бәсеке ғана емес, аға буын мен өскелең ұрпақты асыл мұрамыздың төңірегіне біріктірген, халқымыздың көнеден жеткен құндылықтарын дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.
Игі шара «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарих пен мәдениетті насихаттау және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру болып табылады. Дүбірлі жарыста музей қызметкерлері мен қала жастары асық ату, ләңгі тебу және тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойын түрлерінен бақ сынасты. Қатысушылар асық ату мен ләңгі тебу, гір көтеру, арқан тартыста мергендік пен ептілікті сарапқа салды. Жастардың бұл сайыстарға белсене араласуы арқылы халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрінің сабақтастығы айқын көрініс тапты.
Шараның ашылу салтанатына арнайы қатысқан «AMANAT» партиясының қалалық филиалының Атқарушы хатшысы, облыстық мәслихат депутаты Гүлшат Мұсаева жиналған қауымды кәсіби мерекелерімен және сайыстың сәтті өтуімен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде ол бүгінгі жарыстың ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген тағылымды шара болғанын атап өтті. Сыр өңірінің тарихы терең, тағылымы мол қасиетті мекен екеніне тоқталған Гүлшат Мұсаева осындай киелі өлкеде ұлттық мұраға жанашыр болып, оны көздің қарашығындай сақтап жүрген музей қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық екенін білдірді. Сондай-ақ, бұл сайыстың ұйымшылдық пен достықтың, салауатты өмір салты мен ұлттық рухтың жарқын үлгісіне айналғанын, ал «Ұлттық мұра» жобасы аясындағы мұндай игі шаралар жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіруге үлкен ықпал ететінін жеткізді.












