Қызылорда облысындағы Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов аудандық маңызы бар «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16 шақырымындағы «Қарлан» көпірі құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Қазіргі таңда жоба аясында нысанда көпірдің негізгі тірек бөліктерін орнату және бетонтіреулерін құю жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 84 дана свай қағу жұмыстары толық аяқталған. Жалпы 8 тіреудің 4-еуі орнатылып, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ басқа да жоспарланған жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Жобаның жалпы құны 6 млрд. 746 млн. теңгені құраса, биылғы жылға жобаны жүзеге асыруға 2 млрд. 210 млн. теңге қаралып отыр.

Аудан әкімі құрылыс алаңында мердігер мекеме «НұрлыТау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, жұмыстың сапасына ерекше мән беруді және құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмыстарды жеделдетуді ескертті.

Сырдария өзені арқылы салынып жатқан көпір өткелінің жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы – 248,29 метр болса, кірме жолдың ұзындығы – 2,3 шақырым. Жоба аясында жарық бағаналары орнатылып, жол инфрақұрылымы толық қамтылатын болады. Бүгінде құрылыс алаңында 14 арнайы техника мен 25 жұмысшы жұмылдырылып, жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде.

Айта кетейік, Қарлан көпірінің құрылысы аяқталғаннан кейін Өркендеу, Бірлік, Қожабақы, Аранды, Бозкөл, Тасөткел, Лақалы, Ажар, Тасарық және Кәукей елді мекеніндегі 10 мыңнан астам халықтың алыс-берісі артып, жол қатынасы жақсара түспек.

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *