Бейімбет Майлин ескерткішінің мойнына мініп алған қыз жазаланды
Астанада Бейімбет Майлин ескерткішінің үстіне мініп суретке түскен қыз жауапқа тартылды.
Оқиға елордадағы «Үш арыс» аллеясында болған. Бұл композиция қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері — Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіров құрметіне орнатылған.
18 жастағы астаналық қыз мүсіндердің біріне шығып, Бейімбет Майлин ескерткішінің мойнына отырып, аяғын салбыратып фотоға түскен. Оны жанындағы құрбысы суретке түсіріп тұрған.
Бұл жағдайды журналист Дүйсенәлі Әлімақын байқап, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Осыдан кейін Астана полициясы қыздың жеке басын анықтап, оны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізген.
Полиция мәліметінше, қыз мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылған.
«Әлеуметтік желіде қыздың Бейімбет Майлин ескерткішіне шығып, фотоға түсіп жатқан видеосы тарады. Полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтады. Ол — 18 жастағы Астана тұрғыны. Қыз Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік танытқаны үшін ұсақ бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылды. Іс материалдары сотқа жолданды», — деп хабарлады Астана полициясы.
Құқық қорғау органдары мәдени және тарихи мұра нысандарына құрметпен қарау қажеттігін еске салды. Қазақстанда ескерткіштерді қасақана бүлдіру вандализм ретінде бағаланып, әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, «Үш арыс» композициясының тұғырында QR-код орнатылған. Оны сканерлеу арқылы келушілер Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров өмірі мен шығармашылығы туралы ақпарат ала алады.
Фото: скриншот












