1 маусымнан бастап азаматтарымызды қандай өзгерістер күтіп тұр?

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

Бұл күні балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғау, оларға қамқорлық жасау жан-жақты дәріптеледі.

Балаларға арналған көптеген мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жалпыхалықтық деңгейде аталып өтеді.

Маусым айында неше күн демаламыз?

Маусым айында Қазақстанда мемлекеттік мерекелерге байланысты қосымша демалыс күндері қарастырылмаған. Сондықтан тұрғындар қалыпты жұмыс және демалыс кестесі бойынша еңбек етеді.

Бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейтіндер үшін маусым айында 22 жұмыс күні және 8 демалыс күні болады. Ал алты күндік жұмыс режимінде еңбек ететін азаматтарды 26 жұмыс күні мен 4 демалыс күні күтіп тұр.

Ай ішінде ресми мерекелер болмағандықтан, демалыс тек сенбі және жексенбі күндеріне сәйкес келеді. Соған байланысты жұмыс күндерін ауыстыру немесе қосымша демалыс беру жоспарланбаған.

Маусымда қандай мереке бар?

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні;

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні;

5 маусым – Экологтар күні;

7 маусым – Монополияға қарсы орган қызметкерлерінің күні;

9 маусым – Мемлекеттік органдардың арнайы мақсаттағы бөлімшелері әскери қызметшілері мен қызметкерлері күні;

14 маусым (маусымның екінші жексенбісі) – Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің күні;

14 маусым (маусымның екінші жексенбісі) – Малшылар күні;

21 маусым (маусымның үшінші жексенбісі) – Медицина қызметкерлері күні;

21 маусым (маусымның үшінші жексенбісі) – Әкелер күні;

23 маусым – Полиция күні;

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні;

24 маусым – Судья және сот қызметкері күні;

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні.

Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіледі

2026 жылғы 8 маусымнан бастап Қазақстанда Еңбек кодексіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді. Өзгерістер еңбекақы төлеу, үстеме жұмыс уақыты, демалыс және мереке күндеріндегі еңбек, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеу тәртібін қамтиды.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі – еңбек қатынастарын азаматтық-құқықтық шарттармен (АҚШ/ГПХ) алмастыру тәжірибесіне тосқауыл қою.

Соңғы жылдары кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерді еңбек шартының орнына азаматтық-құқықтық келісімшарт арқылы жұмысқа тартып келген. Мұндай тәсіл әлеуметтік төлемдерді азайтып, жұмыс берушілердің шығынын қысқартуға мүмкіндік беретін.

Жаңа түзетулерге сәйкес, егер қызметкердің тұрақты жұмыс атқарып жүргені дәлелденсе, яғни оның нақты жұмыс кестесі болса, ішкі еңбек тәртібіне бағынса және еңбек міндеттерін тұрақты түрде орындаса, мұндай жағдайда жұмыс берушіге азаматтық-құқықтық шарт жасасуға жол берілмейді.

Осылайша, еңбек инспекторлары мен уәкілетті органдар еңбек қатынастарының нақты сипатын ескеріп, қызметкердің құқықтарының сақталуын қатаң бақылауға алады. Жаңа нормалар жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге және көлеңкелі еңбек қатынастарының алдын алуға бағытталған.

Ескі 2000 теңгелік банкноттарды ауыстыру мерзімі аяқталады

Қазақстанда 25 маусымда ескі және жаңа үлгідегі 2000 теңгелік банкноттардың қатар айналымда жүру кезеңі аяқталады.

Осы күннен кейін ескі үлгідегі купюралар біртіндеп айналымнан шығарылғанымен, азаматтар оларды айырбастау мүмкіндігін сақтап қалады. Екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері ескі банкноттарды тағы үш жыл бойы жаңа ақшаға ауыстырады.

Ал Ұлттық банктің филиалдары ескі 2000 теңгелік купюраларды мерзімсіз айырбастай береді.

Сонымен қатар маусым айында ескі және жаңа үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттардың қатар айналымда жүру мерзімі де аяқталуы тиіс болған. Алайда Ұлттық банк бұл кезеңді тағы бір жылға ұзартып, 2027 жылдың маусымына дейін созды.

Осылайша, қазақстандықтар ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттарды алдағы бір жыл бойы шектеусіз пайдалана алады.

Маусымнан бастап зейнетақы жинағын алу шегі жаңа тәртіппен есептеледі

Қазақстанда 2026 жылғы 5 маусымнан бастап зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін анықтаудың жаңартылған қағидалары қолданысқа енгізіледі.

Жаңа әдістеме азаматтардың тұрғын үй сатып алу, ипотеканы өтеу немесе медициналық қызметтердің ақысын төлеу үшін зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалану мүмкіндігін есептеуге арналған.

Құжатқа сәйкес, жеткіліктілік шегін есептеу кезінде инвестициялық табыстылықтың жылдық деңгейі 9 пайыз, ал зейнетақы төлемдерін индекстеудің болжамды мөлшері 8 пайыз көлемінде ескеріледі.

Сонымен қатар есептеу барысында азаматтың жасы, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі жалақы мен ең төменгі зейнетақы мөлшері, сондай-ақ зейнетақы активтерінің табыстылық көрсеткіштері назарға алынады.

Жаңа қағида бойынша жеткіліктілік шегі өткен жылғы көрсеткіштен төмен болмауы тиіс. Ол инфляцияның болжамды деңгейінен кемінде 5 пайыздық тармаққа жоғары өсіммен қайта қаралады.

Жаңартылған әдістеме күшіне енгеннен кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры үш жұмыс күні ішінде 2026 жылға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялайды.

Алматы жастарына арналған ипотека: өтінім қабылдау басталады

Алматыда жас мамандарға арналған «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады. Құжаттар мен өтініштер 1-15 маусым аралығында қабылданады.

Бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтар өтінімді kezekte.kz порталындағы «Тұрғын үй сервистері» бөлімі арқылы онлайн жолдай алады.

Жеңілдетілген ипотека шарттарына сәйкес қатысушыларға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен 20 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 10 пайызын құрауы тиіс. Бағдарлама аясында бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да баспана сатып алуға мүмкіндік бар.

Бағдарламаға қатысу үшін үміткердің жасы 35-тен аспауы керек. Сонымен қатар оның Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуі және соңғы алты айда ресми жұмыс өтілі болуы қажет. Міндетті зейнетақы аударымдарының болуы да негізгі талаптардың бірі саналады.

Сондай-ақ қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы бес жыл ішінде меншік құқығындағы тұрғын үйі болмауы тиіс.

Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды

Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылғы 5 маусымда базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды.

Еске салайық, реттеуші соңғы рет 24 сәуірде базалық мөлшерлемені қайта қарап, оны 18 пайыз деңгейінде сақтап қалған болатын.

Жазғы маусымда Балқаш пен Достық бағытына қосымша пойыздар қатынайды

Жаз мезгілінде жолаушылар ағынының артуына байланысты Ұлттық тасымалдаушы бірқатар бағыт бойынша қосымша қала маңы пойыздарын іске қосады.

Атап айтқанда, қосымша пойыздар:

  • Қарағанды – Балқаш;
  • Семей – Достық;
  • Өскемен – Достық бағыттарында қатынайтын болады.

Қазақстаннан Грузия мен Моңғолияға жаңа әуе рейстері ашылады

Маусым айынан бастап Қазақстан тұрғындары үшін тағы екі халықаралық әуе бағыты қолжетімді болады. Жаңа рейстер Грузияның Батуми қаласы мен Моңғолияның астанасы Ұланбатырға қатынайды.

2026 жылғы 6 маусым мен 29 тамыз аралығында Ақтаудан Батумиге тікелей әуе рейсі іске қосылады. Рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.

Сонымен қатар 2 маусымнан бастап Астана – Ұланбатыр жаңа халықаралық бағыты ашылады. Қазақстан астанасынан ұшақтар сейсенбі және жұма күндері қатынаса, кері рейстер Ұланбатырдан сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.

9 бен 11-сынып оқушылары емтихан тапсырады

Қазақстанда 2025-2026 оқу жылындағы қорытынды аттестацияны өткізу мерзімдері бекітілді.

9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 2026 жылғы 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді. Негізгі мектепті аяқтайтын оқушылар міндетті пәндер бойынша төрт жазбаша емтихан тапсырады.

Ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік емтихандар 2-15 маусым аралығына жоспарланған. Мектеп бітірушілер бес пән бойынша емтихан тапсырады, оның біреуі ауызша форматта өткізіледі.

Сонымен қатар негізгі орта және жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 2026 жылғы 17-18 маусым күндері ұйымдастырылады.

Астанада жарық тарифі қымбаттауы мүмкін

Астана тұрғындары алдағы айдан бастап электр энергиясы үшін көбірек төлеуі ықтимал. Елордада жарық тарифін 12,5 пайызға дейін көтеру мәселесі қаралып жатыр.

Бұл туралы «Астана-РЭК» АҚ басқарма төрағасы Руслан Абжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, компания электр энергиясының шекті тарифін 1 кВт·сағат үшін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін арттыру туралы өтінім жолдаған.

Компания өкілдері тарифті қайта қарау қажеттігін бірнеше фактормен түсіндіріп отыр. Атап айтқанда, электр энергиясын сатып алу мен тасымалдау құнының өсуі, электр желілерін басқарушы KEGOC қызметтері бағасының қымбаттауы, қуат нарығындағы шығындардың артуы және бұрынғы тарифтік шектеулерден туындаған шығындарды өтеу қажеттілігі бағаның өсуіне әсер еткен.

Сондай-ақ елордадағы электр энергиясын тұтыну көлемінің жылдан-жылға артуы да тарифті көтеру туралы ұсынысқа негіз болған.

Егер өтінім мақұлданса, жаңа тариф маусым айынан бастап күшіне енуі мүмкін. Осылайша, Астана тұрғындарының коммуналдық шығындары тағы да артуы ықтимал.

Коллаж: БАҚ.КЗ

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *