Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар арасында волейболдан тартысты турнир өтті
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған волейболдан жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.
Спорттық шараны қалалық жастар ресурстық орталығы мен қалалық пробация қызметі бірлесіп өткізді.

Тартысқа толы додаға “Қыран”, “Арлан” және “Орда” командалары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ойын барысында қатысушылар ұйымшылдық пен жеңіске деген жігерін көрсетті.
Нәтижесінде шеберлігімен ерекшеленген “Қыран” командасы І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орынды “Арлан” командасы иеленсе, ІІІ орын “Орда” командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар ұйымдастырушылар тарапынан марапатталды.
Шараның басты мақсаты – пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спорт арқылы ынталандыру. Пробация қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шаралар қатысушылардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, жаңа ортаға бейімделуіне оң әсер етеді.
Жарыс соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
– Осындай спорттық шаралар бізге ерекше мотивация береді. Бір сәтке болса да барлық уайымды ұмытып, командалық рухты сезіндік. Бұл жарыс бізге сенім мен жақсы көңіл-күй сыйлады, – дейді пробация есебіндегі азаматтардың бірі.
Айта кетейік, алдағы уақытта да пробация қызметі тарапынан әлеуметтік және спорттық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.
Фото: ҚАЖ












