«QAZBILIM» мектептер желісі жабылды
Қазақстандағы QAZBILIM жобасының ұлттық лицейлер бағыты өз қызметін тоқтатты. Бұл туралы жоба жетекшісі Аятжан Ахметжан мәлімдеді.
Оның айтуынша, жобаның жабылуына соңғы бірнеше жылдағы қаржылық қиындықтар себеп болған. Ұлттық лицейлер бағыты төрт жылға жуық жұмыс істеп, осы уақыт ішінде көптеген оқушының білім алуына үлес қосты.
Аятжан Ахметжан 2023 жылдың наурыз айынан бері түрлі қысымдарға тап болғанын, әсіресе қаржылық мәселелердің ауыр соққы болғанын атап өтті. Соған байланысты жобаның аталған бағытын ресми түрде тоқтату туралы шешім қабылданған.
Сонымен қатар, ол QAZBILIM қызметі толықтай тоқтамайтынын жеткізді. Алдағы уақытта күш-жігер QAZBILIM орталығы мен QAZBILIM кітаптары бағыттарын дамытуға жұмсалмақ. Негізгі мақсаттардың бірі – жобаға қатысты қаржылық міндеттемелерді орындап, қарыздарды өтеу.
Жоба жетекшісінің сөзінше, сапалы білім беру мен сапалы кітап шығару жұмыстары жалғасады. Ол қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдіріп, қандай да бір қолайсыздық көрген адамдардан кешірім сұрады.
Сондай-ақ, Аятжан Ахметжан QAZBILIM жобасының жанашырлары мен қолдаушыларының көп екенін айтып, қалыптасқан жүйені сақтап қалуға және сапалы білім беру ісін әрі қарай дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Фото: Ашық дереккөз












