Алғаш рет: Ертең Кипр президенті Қазақстанға келеді
Кипр президенті Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келеді. Ол 2 маусым күні Астанаға тікелей рейспен ұшып келеді. Бұл Никос Христодулидистің Қазақстанға жасайтын алғашқы ресми сапары болмақ.
Жоспар бойынша, 3 маусым күні Никос Христодулидис Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі. Сондай-ақ делегациялар арасында кеңейтілген келіссөздер өтеді. Қазақстан президенті Христодулидиске мемлекеттік награда — «Достық» орденін табыстайды деп күтілуде.
Тараптар жоғары білім және ғылыми зерттеулер, мәдениет, спорт, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік және электронды үкімет салаларына қатысты бірнеше меморандумға қол қояды.
Сонымен қатар, Христодулидис Кипр–Қазақстан бизнес-форумында сөз сөйлеп, Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығына барады және Астанада Кипр елшілігін ашады.
Бұдан бөлек, екі ел президенті бұқаралық ақпарат құралдары үшін мәлімдеме жасайды. Ал 4 маусым күні Никос Христодулидис Кипрге қайтып оралады.
Фото: Кипр БАҚ












