«TURGYNDAR AMANATY»: Қазалылық тұрғындардың ұсыныстары тыңдалды
«AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында Әйтеке би кентіндегі бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындарымен және пәтер иелері кооперативтерінің өкілдерімен кездесу өтті, FASTNEWS.KZ.

Кездесуге аудандық партия филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасары Мұрат Әбсұлтанов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық мәслихат депутаты Арғын Орымбаев, сондай-ақ тиісті сала басшылары, коммуналдық мекеме қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көпқабатты тұрғын үйлердің өзекті мәселелері талқыланды. Өз сөзінде аудандық партия филиалының төрағасы Ғазиз Әліш «TURGYNDAR AMANATY» жобасының негізгі мақсаты тұрғын үйлерді тиімді басқару жүйесін қалыптастыру, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы орта жасау екенін атап өтті.

— Бүгінгі кездесу — халықпен ашық диалог орнатуға бағытталған маңызды алаң. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, мәселелерді бірлесе шешу — басты міндетіміз. «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында көпқабатты тұрғын үйлердің инфрақұрылымын жақсарту, аулалардың жайлылығын арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Әрбір көтерілген мәселе назарға алынып, кезең-кезеңімен шешімін табатын болады, — деді Ғазиз Әлмәмбетұлы.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан аулаларға кіреберіс жолдарға асфальт төсеу, балалар ойын алаңдарына газон жабындысын орнату, түнгі жарық шамдарын көбейту, ауыз суды үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында насос алу мәселесі, сондай-ақ тұрғын үйлер шатырынан су ағу сынды өзекті түйткілдер көтерілді.

Әрбір мәселе жеке қаралып, оны шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Тиісті сала мамандары тарапынан нақты жауаптар беріліп, жауапты мекемелерге тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қаржылай қолдау көрсету жолдары қарастырылатыны айтылды. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлер бақылауға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Фото: «AMANAT»












