Тарих: Жанкент қалашығында археологиялық қазба жұмыстары жүруде
Қызылордада облыс әкімдігінің қолдауымен 2014 жылдан бері Қазалы ауданындағы республикалық маңызы бар Жанкент қалашығына археологиялық қазба жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Осы жылы да қазба жұмыстары жалғасын тауып, қалашықтың қорғаныс қабырғаларында, шахристан бөлігіндегі тұрғын үйлер аумағында атқарылуда. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде тұрғын үй аумағынан VIII-IХ ғасырларда қолданыста болған құмыралар, бірнеше қыш ыдыс сынықтары, асықтар және жануарлар сүйектері табылды. Анықталған қыш бұйымдар тұрғындардың күнделікті тұрмысында пайдаланылған ыдыстардың түрлері мен жасалу ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Қазба барысында кездескен жануар сүйектері шаруашылықтың негізгі бағыттарын анықтауға және тұрғындардың азық-түлік тұтыну ерекшеліктерін зерттеуге негіз болады. Барлық табылған жәдігерлер тіркеліп, өлшемдері алынып, тиісті ғылыми құжаттамаға енгізілді.
Мәдени қабаттарды ашу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Алынған материалдар қалашық тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы және мәдени өмірі туралы жаңа деректермен толықтыруға мүмкіндік береді. Археологиялық зерттеулер жалғасуда. Табылған жәдігерлерге алдағы уақытта зертханалық және ғылыми талдау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кету керек, қазба барысында анықталған қорғаныс қабырғалары мен мұнаралары, тұрғын үйлердің орындары, маңызды құрылыс нысандары, қыш күйдіретін пештер аршылып, консервацияланды. Тұрғын үйдің бір бөлмесіне композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін тарихи мүсіндер қойылып, туристер үшін қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын көруге мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, инфрақұрылымын жетілдіру бағытында қалашыққа дейін жол төселіп, белгіленген қорғау аймағы бойынша қалашықтың аумағы толық қоршалды. Сонымен қатар, Жанкент қалашығын «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Фото: Мәдениет басқармасы










