Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауындағы Түпқараған ауданында орналасқан бірегей археологиялық ескерткіш – Қарақабақ қалашығында кешенді ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр. Көпжылдық археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері қазіргі Қазақстан аумағының ежелгі халықаралық сауда байланыстары жүйесіндегі рөліне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік беріп отыр.

Біздің заманымыздың I-VI ғасырларына жататын Қарақабақ қалашығы 2006 жылы Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы жүзеге асырған Маңғыстау облысының тарихи-мәдени ескерткіштер жинағын әзірлеу жобасы аясында анықталды.

2022 жылдан бастап Қарақабақ қалашығын зерттеу жұмыстары мен оларды қаржыландыруды Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде аталған ескерткіш бойынша 24 ғылыми еңбек жарық көрді. Оның ішінде Археология институтының жобалары аясында үш монография мен Scopus дерекқорында индекстелетін тоғыз ғылыми мақала жарияланған.

Маңғыстау облысының туристік әлеуетін дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру аясында ғалымдар мен археологтар Қарақабақ қалашығына барып, далалық зерттеу жұмыстарымен танысты. Іссапар барысында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің нәтижелері, ескерткішті одан әрі зерделеу перспективалары және оны өңірдің туристік бағыттарына енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

Археологтардың мәліметінше, Қарақабақ бірнеше ғасыр бойы өмір сүрген ірі өндірістік-қолөнер және сауда орталығы болған. Зерттеулер мұнда металлургияның, зергерлік өнердің, шыны өндірісінің және қыш бұйымдарын жасаудың жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Қалашық аумағынан жергілікті жерде өндірілген көптеген бұйымдармен қатар Еуразияның түрлі өңірлерінен жеткізілген импорттық материалдар да табылған.

Ғылыми тұрғыдан ерекше қызығушылық тудыратын олжалардың бірі – біздің заманымыздың I ғасырынан VI ғасырдың бірінші жартысына дейінгі кезеңге жататын 150-ден астам тиыннан тұратын коллекция. Олардың қатарында Парфияның, Ежелгі Хорезмнің, Бұхара Соғдысының, Сасанидтік Иранның, Кушан-Сасанид мемлекетінің, Византия империясының және Қытайдың теңгелері бар. Бұл олжалар Қарақабақтың өз дәуіріндегі халықаралық сауда-экономикалық байланыстарға белсенді қатысқанын дәлелдейді, — деді археолог Андрей Астафьев.

Археологиялық материалдардың жиынтығы Қарақабақты ауқымды өңіраралық айырбас үдерістерімен тығыз байланысты болған ежелгі дәуірдің маңызды сауда-көлік торабы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеушілердің пікірінше, Маңғыстау арқылы Орталық Азияны, Каспий маңы өңірін және Шығыс Еуропаны байланыстырған Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткен болуы мүмкін.

Бұған қоса, бұрын ғылыми айналымда белгісіз болған Азов-Каспий сауда дәлізінің болғанын дәлелдейтін деректер ерекше назар аудартады. Бұл дәлізде Қарақабақ негізгі орталықтардың бірі қызметін атқарған. Табылған материалдар Солтүстік Кавказ, Азов маңы, Төменгі және Орта Еділ бойы, Оңтүстік Орал өңірі, сондай-ақ Орта Азия мен Таяу Шығыс мемлекеттерімен тығыз байланыс болғанын көрсетеді.

Қарақабақ Маңғыстау тарихы мен Қазақстанның ежелгі халықаралық коммуникациялар жүйесіндегі орнын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Археологиялық олжалар бұл өңірдің ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғаған сауда жолдарының маңызды буыны болғанын дәлелдейді. Ескерткішті одан әрі зерттеу Ұлы Жібек жолының дамуы туралы жаңа мәліметтер алуға және қазіргі Қазақстан аумағында жүрген тарихи үдерістерді ғылыми тұрғыдан тереңірек түсінуге жол ашады, — деді археолог Андрей Астафьев.

Соңғы жылдардағы зерттеу нәтижелері халықаралық сауда және мәдени байланыстардың дамуындағы Маңғыстаудың тарихи рөлі туралы түсінікті едәуір кеңейтті. Археологиялық жаңалықтар өңірдің екі мың жылға жуық уақыт бойы Қытай, Үндістан, Рим, кейінірек Византия империялары арасындағы өзара ықпалдастықтың маңызды қатысушысы болғанын айғақтайды.

Жуырда Қарақабақ қалашығы аумағынан құнды тарихи жәдігер – көне құмыра табылғанын да атап өткен жөн. Ғалымдардың алдын ала бағалауынша, бұл олжа біздің заманымыздың VI ғасырына жатады. Мамандардың айтуынша, артефактіні жан-жақты зерттеу ежелгі қалашық тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлері мен қолөнерінің даму деңгейі туралы тың мәліметтер алуға мүмкіндік береді.

Ғалымдар сондай-ақ Қарақабақ қалашығының ежелгі грек географы Клавдий Птолемейдің картасында көрсетілген, Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Аспабота қаласымен байланысы болуы мүмкін деген ғылыми болжамды қарастырып жатыр.

Зерттеушілердің пікірінше, соңғы он жыл ішінде Маңғыстау аумағында жасалған жаңалықтардың халықаралық ғылыми маңызы зор. Олар Қазақстанның ежелгі құрлықаралық коммуникациялар жүйесіндегі орнын жаңаша бағалауға мүмкіндік береді. Алынған нәтижелер Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын зерделеуге елеулі үлес қосып, еліміздің халықаралық ғылыми қауымдастықтағы беделін нығайтуға ықпал етеді.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *