1997-2026: Бас қаланың бүгіні мен бұрынғысы
Бас қаланың бүгіні мен бұрынғысын бағамдасақ, Арқадағы ақ шаңқан шаһардың алып мегаполиске айналғанын байқаймыз. Аз уақытта Астана әлемдегі әдемі қалалардың бірі әрі бірегейі болып бой көтерді. Орталық Азиядағы теңдессіз қала қазір 1,7 млн-ға жуық жанның ортақ үйіне, қадірлі құтханасына, жаһан жұрты тамсана тамашалайтын туристтік аймаққа, әлем инвесторлары қызыға қарайтын инвестициялық алаңға айналды. Бұл көркем сөз, әсерлі теңеу емес, Елорданың даму динамикасына берілген лайықты баға. Мұны мұқым ел мойындайды. Ендеше, сандарды сөйлетіп, сөзімізді дәйекті дерекпен өрейік. Бұл жазбамызда бас шаһардың өткеніне ой жүгіртіп, бүгінгі болмысын бағамдап, ертеңіне болжам жасайтын боламыз.

Фото: Aqorda.kz
ЭКОНОМИКАДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕР
Иә, жігіт жасындай-ақ уақытта шаһардың сәулетіне сән қосылып, ажарын ашатын әлеуметтік нысандар бой көтерді. Көшелер кеңейді. Инвестиция құйылды. Өнеркәсіп өндірісі өсті. Құрылыс қарқыны қарыштады. Айталық, былтыр бас қаланың экономикасы 11,6 пайызға артты. Ал инвестиция көлемі 8,8 трлн теңгеге жетті. Оның 66 пайызы жеке салымшылардың қаржысы. Өткенге оралсақ, 1998 жылы негізгі капиталға тартылған сыртқы салым көлемі небәрі 40,8 млрд теңге еді. Ал биылғы төрт айдың өзінде бұл көрсеткіш 588 млрд теңгеге жетті. Былтырмен салыстырғанда өсім –9,1 пайыз. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда салаларында ілкімді істер көп. Жалпы өңірлік өнім көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Айталық, алғышқы жылдары 60,5 млрд теңгені құраса, биылғы қаңтар-сәуірдегі статистика 18,9 трлн-ға жетті. Алыс-беріспен қатар барыс-келіс ісі де ілгерледі. 1998 жылы автокөлік арқылы 24,2 млн текше метр тауар тасымалданса, биылғы төрт айда 14,6 млрд ткм жүк жеткізілді. Ал осынша уақыт аралығында жолаушылар саны 39,7 млн адамнан 5,2 млрд-қа жуықтады.

Бұл бірлі-екі мысал ғана. Айта берсең, Астанада ақжолтай жаңалық жетерлік. Бас қаладағы байырқалы бастамалардың бір бөлігін мамырда мемлекет басшысының қабылдауында болған Астана қаласының әкімі Жеңіс Махмудұлы баяндаған еді. Тындырымды істерді тыңдаған қазақ басшысы Қасымбектің қызметін оң бағалаған еді. Оны да ерекше айта кету керек. Дегенмен, босансуға болмайды. Ел президенті елорданы одан әрі дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берген-ді.
«Астанада барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң қарқын байқалады. Биылғы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгені құрады. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 9,1 пайыз жоғары. Олардың арасында өңдеу өнеркәсібі, білім, медицина, көлік, сауда, логистика салаларына қатысты жобалар бар»,- деді Жеңіс Қасымбек.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРУ ІСІ
Иә, аз уақытта көп іс атқарылды. Көбісін көз көрді. Енді әлеуметтің әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмысын түзеу ісіне бағытталған жұмыстардың жай-жапсарын саралап көрейік. Алдымен статистиканы сөйлетейік. 1998 жылы астаналықтардың қатары 300 мың ғана еді. Бүгінде бас шаһарды 1,7 млн адам мекендейді. 30 жылға жетер-жетпес уақытта қала халқы 5,7 есеге өсті. Яғни, әлеуметтік нысандарға, тұрғын үйлерге, жол инфрақұрылымына, коммуналдық қызметтерге сұраныс осынша есе артты деген сөз.

Фото: Aqorda.kz
Ендеше, бірінші кезекте, бұқараға баспана керек. Басты базына осы. Астана алғаш бас қала атанған жылы 139,5 мың шаршы метр болатын 1 382 пәтер пайдалануға берілген еді. Былтыр 4,8 млн шаршы баспана қолданысқа қосылды. Келешекте көрсеткіш көбеймесе, кемімесі белгілі. Сөйте тұра, үй кезегінде тұрған халықтың қарасы қалың. Оны да айтпаса болмайды. Жалдамалы пәтерде жан бағып жүрген жұрттың саны 70 мыңға жуықтады. Бұл ресми статистика ғана. Кезекке кірмей, үй алудың жолын білмей жүрген жандардың одан көп екенін белгілі. Дегенмен, құзырлылар қол қусырып қалмақ емес. Құрылысқа қарқын қосуға бейілді. Қош. Екіншіден, елге екі қолға бір күрек керек. Бүгінде бас қалада 34 384 адам жұмыссыз жүр. Жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызға жетіп жығылды. Республикалық көрсеткішке қарайлас дегенмен, бұл алып қала үшін көп. Жыл басынан бері 5 534 адам жұмысқа орналасыпты, дейтұрғанмен, жоғарыда сөз еткен ұзын-сонар кезектің түгесілетін түрі жоқ.
Айлықты айталық. Орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 371 мыңға, орташа айлық атаулы жалақы көлемі 609 мыңға жетті. Ұлттық статистика бюросы ұсынған статистика осылай. Қарап тұрып, тапқаны татқанына жетеді дегенмен, ағайынның айлығы шайлығынан артылмайды. Нақты жалақы индексі биылғы бірінші тоқсанында былтырдың сәйкес кезінің 98 пайызын құрады.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМНЫҢ ИГІЛІГІ
Әлеуметтік нысандардың да қатары артып келеді. Әңгіме білім, медицина, спорт ғимараттары жайлы. Тағыда өткенге оралайық. 1998-1999 оқу жылдарында бас қалада 48 мектеп бар еді. Бүгінде олардың саны 200-ден асты. Онда 310 мың бала білім алып жатыр. 31 мыңы мектепке алған барған бүрдіршіндер. Былтыр балалардың саны бас-аяғы 280 мың еді.

Жыл сайын оқу ордасына жаңадан баратын оқушылардың қатары артып келе жатқанын ескерсек, алда білім мекемелеріне сұраныс қоса көбейетіні белгілі. Қажеттілікті қамтамасыз ету үшін қала басшылығы алдағы оқу жылында 12 мектепті ел игілігіне беругі бейілді. Ал 2035 жылға дейін 140 мектеп салу жоспарда бар. Мұны бас қаланың әкімі баса айтты.
«Соңғы жылдары Астанада 44 мектеп салынған. Ал жаңа оқу жылында 12 білім ошағы ашылады. Сонымен қатар 2 оқушылар сарайын және 6 балабақшаны ел игілігіне беру жоспарланып отыр», — деді Жеңіс Қасымбек.
Медициналық көмек көрсету, халықтың денсаулық жағдайын жақсарту да биліктің басты назарында. Бірнеше жылдың бедерінде бас қалада 11 нысан бой көтереді. Оның сапында көпбейінде аурухана, заманауи 8 емхана, және 2 жедел жәрдем қосалқы станциясы бар. Әсіресе, акушерлік және босандыру қызметін дамыту ісі ілгерлейді. Айталық, 2027 жылға дейін елордада екі перинаталдық орталық салынады. Бұл жайлы Астана әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сарыарқа ауданында 300 орынға есептелген көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанындағы қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сол сияқты «Нұрлы жол» вокзалы маңында бір ауысымда 350 адам қабылдайтын жаңа емхана жұмысын бастады. Бұдан бөлек, Телман елді мекенінде емхана құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылы тағы екі ірі емхананың, сондай-ақ Өндіріс елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.Фото: Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Спорттық нысандар да халықтың қажеті үшін қызмет етіп тұр. Айталық, Астанада мұндай 800-ден астам ғимарат бар. Оның 36-ы ірі кешен. Ал тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі әрбір мың тұрғынға шаққанда 50,3 пайызды құрайды. Сондай-ақ, бұқаралық спортты қолдау да қарқын алып келеді. Жыл басынан бері 60 аулада жаңа алаңқай ашылды. Бас-аяғы бас қалада 627 057 адам спортпен шұғылданады. Бұл шаһар халқының 43,6 пайызына сай келеді. Байрақты бәсекелерді өткізу бойынша да елорда өзге аймақтарға қарағанда көш алды келеді. Былтыр 930 спорттық іс-шара өткізілді.

Одан бөлек, қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын ілгерлету бағытында да бастамалар көп. Қазір қалада Smart City жобасы бастау алды. Сондай-ақ, биыл 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру, 1,1 млн түп жасыл желек егу жоспарланып отыр. Абаттандыру Астананың барлық аумағын қамтиды.
«Елорда күн сайын көркейіп, келбеті жаңарып келеді. Әсіресе, Астана бүгінде «жасыл қала» ретінде қалыптасу жолында қарқынды дамып отыр. Саябақтар мен гүлзарлар көбейіп, жасыл желек аумағы кеңейіп, демалыс орындары да жылдан-жылға артып келеді. Мемлекетіміздің басты қаласының осылайша жылдам әрі әсем бой көтеріп келе жатқаны ел азаматы ретінде ерекше қуантады. Өзім жылына бірнеше рет Астанаға келіп тұрамын, әр келген сайын қаланың өзгерісіне, жаңарып жатқан келбетіне таңғалып қайтамын. Астанаға тек біз емес, шетелден келген қонақтар да қызыға қарайды деп ойлаймын», — дейді қала қонағы Фариза Есмахан.

Фото: Aqorda.kz
Қош, қорыта айтқанда, Астана – дамудың даңғылына түскен, уақытпен жарысып, келешекке қарай қарыштап бара жатқан жасампаз қала. Кеше ғана Арқаның ақ төсінде бой көтерген жас шаһар бүгінде әлем назарын өзіне аударған алып мегаполиске айналды. Бұл – тіршілік тамыры бүлкілдеп соққан, экономикасы күн сайын қуат алып, инвестициясы молайып, инфрақұрылымы қанат жайған қала. Мұнда алыс-беріс артып, барыс-келіс жанданды. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Ең бастысы – тұрғындардың тұрмысы түзеліп, халықтың әл-ауқаты мен әлеуеті еселене түсті.

Фото: Aqorda.kz
Аз ғана тарихи мерзімнің ішінде Астана әлемге әйгілі шаһарлармен иық тірестіріп, халықаралық экономикалық және инвестициялық орталық ретінде өз орнын айқындады. Бүгінде бас қалаға әлемнің әр түкпірінен инвесторлар мен кәсіпкерлер, саясаткерлер мен сарапшылар ағылып келеді. Себебі Астана – сенімнің, тұрақтылықтың және болашаққа бастар мүмкіндіктердің мекені. Сонымен қатар елорда Азия құрлығының маңызды дипломатиялық алаңына айналды. Әлемдік деңгейдегі саммиттер мен форумдар, халықаралық келіссөздер мен тарихи кездесулер тұрақты түрде осы жерде өтуде. Арқаның төсіндегі бұл қала бүгінде мемлекеттерді жақындастыратын, халықтарды табыстыратын және өркениеттерді үндестіретін алтын көпірге айналды.

Фото: Aqorda.kz
Астана – тәуелсіз Қазақстанның асқақ рухы мен жасампаз жігерінің көрінісі. Оның әр көшесінде – еңбек, әр ғимаратында – үміт, әр жетістігінде – елдің ертеңге деген нық сенімі жатыр. Сондықтан Астананың қарқынды дамуы – бір қаланың ғана емес, тұтас Қазақстанның өркендеу жолындағы жеңісті қадамы
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ,
журналист













