Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы 68 адам суға батып көз жұмды. Оның 24-і – бала. Қайғылы оқиғалардың 90 пайыздан астамы шомылуға тыйым салынған әрі арнайы жабдықталмаған орындарда тіркелген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Саян Тоқымбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, суға кеткендердің басым бөлігі рұқсат етілмеген жерлерде шомылған.

– Ең көп адам Маңғыстау және Алматы облыстарында суға кеткен – әр өңірде 9 адамнан. Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әрқайсында 5 адамнан көз жұмды, – деді Саян Тоқымбаев министрлікте өткен брифингте.

Министрлік өкілінің сөзінше, адамдар қауіпсіздік талаптарын елемейді және судың қауіпті екенін дұрыс бағаламайды. Әсіресе балаларды қараусыз қалдыру өте қауіпті.

Сондықтан министрлік алдын алу жұмыстарын күшейтіп жатыр. Жыл басынан бері 24 мыңға жуық балаға жүзу үйретілді. Сонымен қатар халыққа 166 мыңға жуық жадынама мен парақша таратылып, су жағасына 1 403 қауіпсіздік белгісі қойылды.

ТЖМ судағы қауіпсіздік ережесін бұзғандарға айыппұл салынатынын ескертті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 7 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 28 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады.

Министрліктің мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы 1,5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған.

– Суға бату оқиғаларының 90 пайыздан астамы дәл осындай тыйым салынған әрі жабдықталмаған жерлерде болады. Сондықтан мұндай орындарда шомылуға болмайды. Рейд кезінде заң бұзушылықтар арнайы каера арқылы тіркеліп, кейін әкімшілік хаттама толтырылады. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай шаралар қайталанатын құқық бұзушылықтардың азаюына көмектеседі, – деді Саян Тоқымбаев.

Ол қауіпсіздік талаптарына сәйкес түнгі уақытта шомылуға тыйым салынғанын еске салды.
– Су айдындарындағы жағдайды бақылау үшін департамент қызметкерлері екі ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланады. Шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар 90 адамды, оның ішінде 23 баланы аман алып қалды, – деді ол.

Министрлік су жағасында демалған кезде мынадай қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады:

· балаларды қараусыз қалдырмау;
· шомылуға болмайтын жерлерде суға түспеу;
· мас күйде суға түспеу;
· белгіленген жерден алысқа жүзбеу;
· қайықтар мен басқа да жүзу құралдарына жақындамау;
· тексерілмеген жерде суға сүңгімеу;
· жүзуге арналмаған заттарды пайдаланбау;
· қауіпті жерлерден суға секірмеу.

Фото: Абай облысы ПД

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *