Арал ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң нәтижелерімен ерекшеленді. Бұл туралы аудан әкімі А.Оңғарбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеп, ауданның барлық негізгі салаларында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды.

Брифинг барысында аудан басшысы елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік реформалардың өңірлердің дамуына тың серпін бергенін атап өтті. Конституцияда айқындалған әділдік, заң үстемдігі, жауапкершілік, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаттары бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына айналып, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамалары нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Экономикадағы тұрақты өсім

Жыл басынан бері аудан экономикасында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім қалыптасты.

Негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 22,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,5 пайызға артты. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 15,8 млрд теңгені құрап, 2,4 есеге ұлғайған.

Салық және басқа да түсімдердің орындалуы 117,5 пайызды құрап, бюджетке 2,4 млрд теңге қаржы түсті. Оның ішінде аудандық бюджет кірісі 1,7 млрд теңгеге жетті.

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 18,7 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 105,7 пайыз болды.

Жаңа өндірістер іске қосылуда

Өнеркәсіпті әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Биыл жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде.

Өткен аптада «Qazaq Camel» ЖШС-нің түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыты мен «Тоғыс-Аралотын» ЖШС-нің жоғары сұрыпты ас тұзын өндіретін зауыты іске қосылды.

Сонымен қатар автомобиль газ толтыру кешені, мотоцикл құрастыру зауыты, балық шаруашылығы, күн электр станциясы, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу сияқты бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығы жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан экономикасының дамуына тың серпін береді.

Ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығы дамуда

Жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,5 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығы бойынша барлық түлік саны өткен жылмен салыстырғанда өсті.

Арал өңірінің негізгі бренді саналатын балық шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Қазіргі таңда ауданда жылдық қуаттылығы 30 мың тоннаға жуық 10 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.

Жыл басынан бері 3621 тонна балық өңделіп, оның 1728 тоннасы шетелге экспортталды. Экспорт көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4 пайызға артқан.

Сонымен бірге аудан аумағында тауарлы балық өсірумен айналысатын 16 шаруашылық жұмыс жүргізуде.

Геопарк – халықаралық туризмге бастар жол

Арал өңірінде туризмді дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Орта Азиядағы алғашқы «Geopark Aral» туристік орталығы ашылып, бүгінде оны ЮНЕСКО-ның Жаһандық геопарктер желісіне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осы мақсатта халықаралық сарапшылар арнайы бағалау жұмыстарын жүргізіп, қорытындысы бойынша алдағы уақытта нақты шешім қабылданады.

Геопарк мәртебесіне ие болған жағдайда Ақеспе субұрқағы, Қамбаш көлі, Көкарал бөгеті, Шижаға құмдары және Мергенсай–Ақеспе жағажайлары халықаралық деңгейдегі туристік нысандар ретінде дамытылады.

Жыл басынан бері ауданға 4800-ден астам отандық және 300-ден аса шетелдік турист келген.

Инфрақұрылым жаңғыртылуда

Құрылыс саласында 21,7 млрд теңгенің жұмыстары орындалды. Биыл 16,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары бірнеше ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Биыл Абай ауылына сапалы ауыз су жеткізілді.

Сонымен қатар «Арал–Сарыбұлақ» магистральды су құбырының тозған учаскелерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жалғасуда.

Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл екі пәтерлі 100 тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған.

Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі жаңа теміржол вокзалдарының құрылысы аяқталуға жақын.

Газдандыру ауқымы кеңеюде

Қазіргі таңда аудан халқының 74,3 пайызы табиғи газды пайдаланып отыр.

Биыл Қамыстыбас елді мекенінде автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Бұл жоба алдағы уақытта тағы 18 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Қосжар, Аманөткел және Бөген ауылдарын газдандыру бойынша жобалық құжаттар әзірленуде. Барлық жобалар іске асқан кезде аудан халқының 90 пайыздан астамы табиғи газдың игілігін көреді.

Жол және энергетика саласындағы ірі жобалар

Аудан үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Бейнеу–Сексеуіл автомобиль жолының құрылысы. Жалпы ұзындығы 559 шақырым болатын автожолдың 189 шақырымы Арал ауданы арқылы өтеді.

Сонымен бірге аудандық маңызы бар Арал–Жалаңаш автожолының 26 шақырымына орташа жөндеу жүргізілуде.

Электр желілерін жаңғырту бағытында Арал қаласында құны 722,3 млн теңгелік жоба аяқталуға жақын. Сонымен қатар Шижаға ауылындағы жаңа электр желісі пайдалануға берілді.

Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер

Білім беру саласында өткен жылы салынған бірнеше жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл бес білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Ұлттық бірыңғай тестілеуде аудан түлектерінің орташа балы 85 болды. 145 оқушы 100 балдан жоғары нәтиже көрсетіп, ең жоғары көрсеткіш – 137 балл тіркелді.

Денсаулық сақтау саласында орталық аурухана жанынан нейро-инсульт және кардиология бөлімшелеріне арналған жаңа корпус пайдалануға берілді. Сондай-ақ жаңа жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылды.

Алдағы уақытта аудандық аурухана МРТ және ангиограф құрылғыларымен жабдықталады.

Спорт пен мәдениетке қолдау күшейді

Жақсықылыш пен Шижаға ауылдарында жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді.

Жыл басынан бері аудан спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 37 медаль жеңіп алды.

Мәдениет саласында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Аманөткел ауылындағы жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Сексеуіл кентінде құны 1 млрд теңге болатын Оқушылар үйі мен Өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде.

Баспасөз брифингін қорытындылаған аудан әкімі алғашқы алты айда қол жеткізілген нәтижелер мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың бірлескен еңбегінің жемісі екенін атап өтті.

– Біздің басты мақсатымыз – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауданның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және әрбір тұрғынның әл-ауқатын жақсарту. Алдағы уақытта да барлық саладағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді, – деді аудан басшысы.

Арал ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу және туризмді дамыту бағытындағы бастамалар өңірдің әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға негіз болмақ.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *