Threads-те осы мәселе сөз болып жатыр екен. Расында да, бұл — өте өзекті тақырып.   Әңгімені бастап берген @tvtrubacheva нигін қолданушы тұрғын. Пәтерін Krysha сайты арқылы сатпақ болса керек. Бірақ үйін сұрап келетін клиенттердің 80%-ті риелтор ертіп әкеледі деп налиды.   Қызық сонда болып тұр — риелтор жалдамай, өз бетінше үй сатпақ болған адамға еріп келген делдалдар сатушыдан да 500 мың теңге талап етеді екен.   «Мен оны не үшін төлеуім керек, сізді жалдаған жоқпын, риелторды ертіп келіп тұрған сатып алушының өзі» десе, олар «біз сізге клиент әкеліп тұрмыз» дейтін көрінеді.   Қысқасы, сатушы өзі белгілеген бағаға тағы жарты миллион теңге қосуға мәжбүрмін дейді. Сонда мәжбүрлеп тұрған — риелтор!   Автордың реніші орынды. Ол үй қарап жүрген адамдар неге «Крышаны» өздері қарап, араға адам салмай, өзіме тіке келмейді, дәл осы процесте риелторға қарап тұрған шаруа жоқ қой деп налиды.   Жазбаға ой қосқандардың бірі салмақты пікір қалдырған екен: —

Әрине, кей адамдарға біреуді жалдап, өз жұмысын тапсырып қойған ыңғайлы. Нарықтан үй іздеуге кей адамдар уақыт таппай жатады, шыдамы да жете бермейді. Оның өзі стресс. Сондықтан оның орнына өзгелер үй іздеп, құжатымен айналысқаны тиімді. Бірақ, сізбен 100% келісемін, егер сіз риелтор жалдамаған болсаңыз, олар сізден өз қызметіне ақша талап етуге тиісті емес, — дейді.

нді бір отандасымыз: «Мемлекет риелторлардың мәселесін «май шаммен» қарамаса болмайды. Олардың қызметін реттейтін тиісті заң қабылдап, қосарланған комиссияның көзін құртып, лицензия белгіленгені дұрыс. Риелтор қызметте шалыс басты ма — лицензиясын тартып алу керек. Қысқасы, олардың қызметін тәртіпке салатын уақыт келді» деп жазған.   Қоғамда риелторлық қызметке көңілі толмайтын қауым жетіп артылады. Расында да, өзі бір қыспаққа көп салатын қызық сала. Келісімшартқа қол қойғанша «әмпәй-жәмпәй», қалай қол қоясың — сені танымайды: «Келісімшартпен берілген уақыт бар, болды, енді мазалама!» Мысалы, 3 ай  уақыт белгіленсе және ол мерзім біткенше бірнеше күн/апта бұрын қызметтен бас тартатыныңды айтып, жазбаша арыз бермесең, келісімшарт мерзімі автоматты түрде тағы ұзарады. Яғни, бір «байландың» ба, риелтордан оңай құтылмайсың. Шарт талабы өте қатал келеді. Егер риелтор жалдаушы тараптың жоспары өзгеретін болса (белгілі бір себептермен сатпайтын болса немесе сатып алмайтын болса), онда ол адам екі жақтың комиссиясын да өз қалтасынан өтеуге міндеттеледі. Сондықтан, риелтор қызметін қолданған жағдайда қол қоймас бұрын шартты мұқият оқып алған жөн. Ең оңай жолы — ЖИ-ге «оқытып» алу. ChatGPT-дің өзі шартта сен үшін қандай «тұзақ» құрылғанын, не нәрсеге мән беру керек екенін қаймықпай айтып береді. Threads-те көтерілген мәселені де бұл жерге текке әкелген жоқпыз. Бар мәселені бар деп айтқанның айыбы жоқ. Кемінде қоғамдық пікір қалыптасады. Оның соңы нәтиже беріп жатса, нұр үстіне нұр.

 

Жазба «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм парақшасынан алынды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Айтарым бар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *