Биыл Қызылорда қаласында 13 инвестициялық жоба іске асуда
Сырдың бас шаһары – Қызылордада жыл басынан бері 203 млрд, 540 млн теңгеге инвестиция тартылған. Ал биыл жалпы құны 46,1 млрд теңгеге 13 жоба іске асуда, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ.

Оның ішінде «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған жаңа өндірістік кешені пайдалануға берілді. Мамыр айында жұмысын бастаған кешен бір жылда жүздеген вагонға техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жүргізеді. Жоба құны – 5,6 млрд теңге.

Сонымен қатар, қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биыл «Алаш Метан» серіктестігінің метан газ құю бекеті бар жол бойындағы қызмет көрсету кешені де ашылған. Сондай-ақ «КЗ Сапа Бетон» ЖШС тауарлы бетон зауыты да жұмысын бастап кетті. Бұл екі инвестициялық жоба аясында 150-ден астам жаңа жұмыс орны құрылған.

– Жыл соңына дейін 800 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, картон қағаз және пластмасса бұйымдары өндірісі, автоклавты газоблок шығару зауыты және екі қонақ үй, яғни «Altyn Gimarat» Rixos пен «Қаракөз Плаза» Пана кешені пайдалануға беріледі. Бұған қоса, биыл мамыр айында жалпы құны 104,1 млрд теңгені құрайтын испаниялық инвестор «Рока Қазақстан» серіктестігінің санитарлық-техникалық жабдықтар өндіру және «Seven Rivers Technologies» ЖШС-ның неміс технологиясымен шыны ыдыстар шығаратын зауыты жобасына капсула салу рәсімі өтті. Бұлар толық іске қосылған соң 600 жұмыс орны ашылады деген жоспар бар, – дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің «Инвестиция және өнеркәсіп» секторының меңгерушісі Мағжан Сәтбай.

Мемлекет басымдық беріп отырған инвестициялық жобалардың ауқымын кеңейту – Қызылорда шаһарындағы кәсіпкерлікті дамытумен қатар, өңір азаматтарын жұмыспен қамтуда көмегі көп. Облыс орталығындағы мұндай серпінді жобалар қатары уақыт өткен сайын өз жемісін беріп келеді.
Фото: ашық дереккөз












