Қызылорда: «Марал Нұр» кешені бір жылда жүздеген вагонын жөндейді
Қызылорда қаласында жыл басынан бері 203 млрд, 540 млн теңгеге инвестиция тартылған. Ал биыл жалпы құны 46,1 млрд теңгеге 13 жоба іске асуда. Жобалар қатарында ең ірісі – «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған өндірістік кешені. Мамыр айында жұмысын бастаған кешен бір жылда жүздеген вагонға жөндеу жүргізеді. Жоба құны – 5,6 млрд теңге. Аталған кешенге FASTNEWS.KZ тілшісі арнайы барған еді.

«Марал Нұр» ЖШС директорының даму жөніндегі орынбасары Олжас Өткелбаевтың айтуынша, кәсіпорын бұған дейін де жолаушылар тасымалымен айналысып келеді. Қазір серіктестікке қарасты барлығы төрт құрамдағы жолаушылар пойызы елге қызмет көрсетеді. Оның бірі – «Қызылорда-Павлодар» бағыты болса, екіншісі – «Жезқазған-Астана» жолаушылар пойызы. Одан бөлек, қосымша тіркелмелі «Қарағанды-Қаражал» бағытында вагондары бар.

– Серіктестік 2005 жылдан бері теміржол саласында, яғни 20 жылдан астам уақыт әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалымен айналысады. Бұл салада 240 адам жұмыс істейді. Компания Көлік министрлігінің барлық талабын орындап, «Қазақстан Темір Жолы» ҰҚ» АҚ тасымалдау ережелеріне сәйкес және теміржол қауіпсіздігі сақтай отыра поездарын жүргізіп отыр. Бұрын Сыр өңірінің Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының тұрғындары жылдар бойы елордаға бару үшін алдымен облыс орталығына қатынап, сапарда үлкен қиындық пен артық шығындарға тап болатын. Ал бұл мәселені түбегейлі шешкен «Қызылорда-Павлодар» пойызының іске қосылуы – халықтың арман-тілегін орындаған шынайы жанашыр жоба болды. Енді аудан жұртшылығы облыс орталығына сабылмай, өз орталықтарынан тікелей пойызға отырып, Ұлытау облысы арқылы Астанаға ыңғайлы әрі жылдам жетеді, – дейді ол.
Қос бағытта 60 жолаушылар вагонын жүргізетін серіктестік бір жылда 800 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді. Ал биыл ашылған кешеннің ең басты міндеті – жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары.

– Серіктестіктің бас директоры Мұрат Нұрсайтовтың үйлестіруімен кешен өз қызметін сәтті бастады десек болар. Мемлекет тарапынан да қолдау жеткілікті. Аз пайызбен үлкен көлемде несие алып, вагондарды жөндеуге қажетті жабдықтарды түгелдедік. Оның 90 пайызы Ресейден келді десек болады. Арасында қытайлық құрылғылар да бар. Айта кетейін, кешен бірнеше цехтан тұрады. Мұнда пойыз дөңгелектерін жөндеуден бастап, вагон сыртына қайта бояу жүргізетін цехқа дейін орналасқан. Барлығы 20 шақты. Сондай-ақ жылу, электр, су желілері, желдеткіш жүйесі, бәрін де қайта жаңарту осы зауытта іске асады, – дейді Олжас.
Кешен ішінде техникалық жөндеудің бірінші, екінші сатысына арнайы лицензия қажет емес. Ал үшінші сатысына арнайы рұқсатнама керек. Бұдан бөлек, деполық жөндеуге де, яғни вагон қаңқасы мен сыртқы қорабын жаңартуға тиісті орыннан («Қазақстан Темір Жолы» компаниясынан) арнайы құжат алынады. Қазір аталған лицензиялар серіктестікке берілген.

– Алдағы уақытта вагондарды күрделі жөндеу жұмыстарын жасау бойынша рұқсатнама құжатын алуға жұмыс істеп жатырмыз. Ол уақытта жолаушылар вогонын түгелдей қайта жаңғыртатын боламыз. Қазір елуден астам техникалық мамандықтағы азамат осында тұрақты жұмыс істейді. Бұл әзірге бір ауысымдағы мамандар. Екі ауысымға көшсек, 100-ден аса жерлесіміз осында жұмыс істейтін болады, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары.

Жолаушылар тасымалдау ережесі мен теміржол қауіпсіздігіне сәйкес, әр вагон 150 мың шақырым жүрген соң техникалық жөндеудің үшінші сатысымен, ал 300 мың шақырым жүргеннен кейін деполық жөндеуден өтуі тиіс. Жылына осындай жөндеумен 180 вагон жолға дайындалады. Сонымен қатар, әр жөндеуден өткен вагонға шартты нөмірі қойылады. Егер ол вагоннан кемшілік табылса, қойылған шартты нөмір таңбасы арқылы қандай кәсіпорын қандай депода жөндеу жүргізілгенін анықтау қиын емес.
– Жалпы бір вагонның жүру ұзақтығы – 28 жыл болса, күрделі жөндеуден өткен соң оның мерзімі 14 жылға созылады. Өзіңізге белгілі, купе-вагонда 36, плацкарт-вагонда 54 орын бар. Біздің компаниядағы пойыздарда бұл екеуі де толық қарастырылған, – дейді Олжас Өткелбаев.

Айта кетейік, серіктестік өз қызметкерлеріне әлеуметтік қолдауды тұрақты ұйымдастырып келеді.
Ержан ҚОЖАС,
Фото: Нұрболат Нұржаубай.













