Қызылорданың жолдарын жаңғыртуға 35 млрд теңге бөлінді
Қызылорда қаласының жолдары жаңарып, тіршілік тынысы түрленіп келеді,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Қаланың келбетін оның ғимараттарымен ғана емес, жолдарымен де бағамдауға болады. Себебі жол – екі нүктені жалғайтын асфальт төсемі ғана емес. Ол – күн сайын жұмысқа асыққан адамның, мектепке бара жатқан баланың, науқасын ауруханаға жеткізген көліктің, қалаға кіріп-шығып жатқан мыңдаған тұрғынның тыныс-тіршілігі.
Соңғы жылдары Қызылордада жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде қаладағы жолдарды жаңартуға бағытталған 7 жоба жүзеге асырылуда. Олардың жалпы құны 34 млрд 815,5 млн теңге болса, биыл нақты 17,5 млрд теңге қаржы қаралған. Бұл жайлы Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бердібек Шөкенов айтып берді.
Бәйтеректегі көпір – көптен күткен өткел
Бәйтерек тұрғын ауданы үшін көпір мәселесінің орны бөлек. Бұған дейін канал тұрғындардың қатынауына өзіндік кедергі болып келсе, енді бұл мәселе артта қалды. «Оң жаға магистралды каналы» арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірінің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді.
975,9 млн теңгені құрайтын жоба тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауына жол ашты. Бір қарағанда, бұл – бір ғана көпір. Алайда сол көпір арқылы күн сайын қаншама адам өз үйіне, жұмысына, оқуына, қалаға қатынайтынын ойласақ, оның маңызының қаншалықты зор екенін аңғаруға болады. Осылайша Бәйтерек тұрғын ауданындағы канал арқылы өтетін көпір мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
32 көше – жаңа кейіпте

Қаланың ажарын ашып, сәулетіне сән қосатын дүние – оның көшелері. Осы ретте 32 көшені күрделі жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілді. Қазір бұл көшелердің асфальт қабаты толық төселген. Ендігі кезекте жол жиектерін ретке келтіру, қиыршық тас төсеу, жол белгілерін орнату және жолүсті таңбаларын сызу жұмыстары атқарылуда. Жұмыстарды қыркүйек айында толық аяқтау жоспарланған.
Жобаның келісімшарт құны – 4 млрд 219,7 млн теңге. Биыл бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Жұмысты «Қызылорда жолдары» ЖШС атқаруда. Жөндеуден өткен көшелердің қатарында Қазанғап, Ш. Қалдаяқов, Арай-Шұғыла, Б. Серімбетов, К. Көшекұлы көшелері және басқа да бірқатар маңызды жолдар бар,- Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары.
2025 жылы бұл бағытта жалпы 14,33 шақырым жол жөнделсе, 2026 жылы тағы 18,99 шақырым көшеде жұмыс атқарылды. Яғни кеше ойқы-шойқы болған жолдардың орнына бүгін тегіс асфальт төселген жаңа көшелер пайда болып келеді.
Сағымбаев көшесі кеңейді
Қаладағы көлік қозғалысы көбейген сайын жолдардың өткізу мүмкіндігіне қойылатын талап та арта түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Сағымбаев көшесін екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту – қала үшін маңызды қадам. Бүгінде жұмыс толық аяқталды. Құны 1 млрд 634,2 млн теңге болатын жобаны «Қыран» ЖШС жүзеге асырды.
Көшенің кеңеюі көлік қозғалысын реттеп қана қоймай, жолдағы кептелісті азайтып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тасбөгеттегі өзгеріс
Қалаға іргелес Тасбөгет кентіндегі жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Мұнда Есенов және Иманов көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Құны 5 млрд теңге болатын жоба қазір аяқталуға жақын. Көшені қыркүйек айының басында пайдалануға беру жоспарланған.
Жоба барысында жол қозғалысын ұйымдастыруға да өзгерістер енгізілді. Есенов пен Амангелді көшелерінің қиылысындағы айналма жол алынып, оның орнына бағдаршам орнатылды. Мұндай өзгерістердің барлығы бір мақсатқа – жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Президент саябағы маңында жаңа жол пайда болды
Қаланың жаңа бөліктері бой көтерген сайын оларға апаратын жолдың да қажеттілігі артады. Президент саябағы аумағында әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысына байланысты жаңа автомобиль жолы салынды. Ол жаңа тұрғын үйлер орналасқан аумақты қамтып, дария жағалауымен Бейбарыс көшесіндегі автомобиль көпіріне дейін жалғасады.
Жаңа жолмен бірге тұрғындарға тағы бір қолайлы мүмкіндік жасалды. Президент саябағына келушілер үшін 700-ге жуық көлікке арналған автотұрақ салынды. Енді саябаққа келген адам көлігін қайда қоямын деп алаңдамайды. Қаланың демалыс орнына айналған аумақта қозғалыс та біртіндеп ретке келе түспек.
Жолсыз қалған көше қалмауы керек
Қала көлеміндегі жұмыстар мұнымен шектелмейді. Облыстық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлініп, «Қызылорда қаласы көшелерін салу» жобасы бойынша 41 көшеге асфальт төселді. Бұған қоса 46 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Үш жылға жоспарланған жобаның жалпы келісімшарт құны – 18 млрд 520,9 млн теңге.
Бұл жұмыстар қаланың орталығымен қатар, шеткі аумақтардағы тұрғындардың да жол мәселесін шешуге бағытталған. Өйткені жақсы жол – қала орталығындағы ғана емес, әрбір шағынаудандағы, әрбір көшедегі тұрғынға қажет.

Алда атқарылар жұмыс аз емес
Бүгін жасалып жатқан жұмыстармен қатар, ертеңгі күннің жобалары да ойластырылуда. Қазір бірнеше маңызды жоба әзірленіп, сараптамадан өткізілген. Солардың бірі – А. Спанов көшесін қайта жаңғырту жобасы. Оның құны 1 млрд 389,3 млн теңге.
Тағы бір ірі жоба – Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылын Махамбетов және Марал Ишан көшелері арқылы қалаға кіреберіс қақпаға дейін қайта жаңғырту. Жоба құны – 7 млрд 76,2 млн теңге,- деді Бердібек Шөкенов.
Саяжай жолдары да назарда
Қала тіршілігі орталық көшелермен ғана шектелмейді. Саяжайларда тұратын халықтың да сапалы жолға деген сұранысы бар.
Еңбек және Эдельвейс саяжайларында өткен жылы асфальт және қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілген еді. Биыл бұл жұмыстар жалғасады.
Атап айтқанда, Эдельвейс және Орбита саяжайларындағы 14 көшеге қиыршық тас төсеу жоспарланып отыр.
Бұл – бір қарағанда шағын жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ жаңбырлы күні батпаққа айналатын, қыста жүру қиындайтын жолдың орнына жөнделген көшенің пайда болуы сол аумақтағы әрбір отбасы үшін үлкен өзгеріс.
Қала – күн сайын өзгеріп отыратын тірі организм. Оның бір көшесі жөнделсе, бір қиылысы реттелсе, жаңа көпірі пайдалануға берілсе, бұл – қаланың жалпы тынысына әсер етеді.












