2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Отбасы банкіндегі арнайы шотқа аударылған қаражатты пайдалану мерзімі 2027 жылдан бастап аяқтала бастайды.

Қолданыстағы тәртіп бойынша, зейнетақы жинағын тұрғын үй мақсаттарына пайдалану үшін аударылған қаражатты 6 жыл ішінде игеру қажет. Бұл мерзім ақша БЖЗҚ-дан аударылған күннен бастап есептеледі.

Егер осы уақыт аралығында қаражат тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалмаса, ол БЖЗҚ-дағы салымшының зейнетақы шотына қайтарылады.

Қаражат қандай мақсаттарға жұмсалуы мүмкін?

Зейнетақы жинағын, соның ішінде:

  • ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға;
  • тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға;
  • жер телімінде жеке тұрғын үй салуға

пайдалануға болады.

Әр аударымның мерзімі бөлек есептеледі

Бірнеше рет зейнетақы қаражатын аударған азаматтар үшін әр аударымның алты жылдық пайдалану мерзімі жеке есептеледі.

Мысалы, азамат 2021 жылы 2 млн теңге, 2022 жылы 1 млн теңге, ал 2025 жылы тағы 1 млн теңге аударса, 2027 жылы тек 2021 жылғы алғашқы 2 млн теңгенің пайдалану мерзімі аяқталады. Кейінгі аударымдардың мерзімі олар БЖЗҚ-дан аударылған күннен бастап жеке есептеледі.

Сондықтан зейнетақы қаражатын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланған азаматтарға өз аударымдарының мерзімін алдын ала тексеріп алған жөн.

Пайдалану мерзімін қалай тексеруге болады?

Қаражаттың қашанға дейін пайдаланылуы тиіс екенін enpf-otbasy.kz платформасындағы «Өтінімдер» бөлімінен тексеруге болады.

Осылайша, 2021 жылы аударылған және әлі пайдаланылмаған зейнетақы қаражаты бойынша алты жылдық мерзім 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен аяқтала бастайды.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *