Қызылордада «Әділет» партиясының «Үш ұрпақ – Ортақ мұрат» тұжырымдамасы аясында «Өмір тәжірибесі» жобасы бастау алды. Жоба аясында партияның белсенді жастары мен мүшелері техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен жүздесті.

Еркін форматта өткен жүздесуде жастар академикке ғылымдағы жолы, ұстаздық қызметі, басқару тәжірибесі және қоғамдық жұмысы туралы сұрақтарын қойып, өмірлік ұстанымдарына қатысты пікір алмасты.
Жиынды «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай жүргізді.

«Өмір тәжірибесі» жобасының негізгі мақсаты – аға буынның жинаған білімін, кәсіби тәжірибесін және өмірлік ұстанымдарын жастарға жеткізу. «Әділет» партиясы үшін ұрпақтар сабақтастығы – жай ғана құндылық емес, қоғамның дамуына қажет маңызды негіз. Біз жастарды тек тыңдаушы ретінде емес, тәжірибені қабылдап, оны жаңа идеялармен жалғастыратын буын ретінде көреміз. Сондықтан осындай жүздесулер арқылы жастар мен қоғамға еңбегі сіңген тұлғалар арасында ашық диалог орнатуға мән береміз, – деді Жандос Базартай.

Қылышбай Бисеновтің еңбек жолы оқытушылық қызметтен басталып, университет ректорлығына дейін жалғасты. Ғылым мен білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өңірдегі жоғары білімнің дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде қоғамдық-саяси қызмет атқарып, елдік мәселелерге араласты.

Әңгіме барысында академик өміріндегі маңызды кезеңдерге тоқталып, кәсіби жолды таңдаудағы ұстанымдары, ғылыммен айналысудың жауапкершілігі, ұстаздық қызметтің маңызы және жастардың ізденісі туралы ойларын ортаға салды.

«Адамның өмір жолында ең маңыздысы – өзің таңдаған іске адал болу. Ғылымда да, білімде де нәтижеге бір күнде жету мүмкін емес. Үнемі іздену, еңбек ету және өз ісіңе жауапкершілікпен қарау қажет. Жастардың сұрақ қойғаны қуантады. Себебі сұрақ бар жерде ізденіс бар. Ал ізденіс адамды алға жетелейді», – деді Қылышбай Бисенов.

Академик кәсіби жетістікке жетудің бір ғана жолы болмайтынын айтып, өзінің еңбек жолынан нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, адам қай салада қызмет етсе де, білімін жетілдіруі мен жаңа нәрсеге ұмтылуы тоқтамауы керек.

Сондай-ақ ғылым мен білімнен бөлек, елге қызмет ету, азаматтық жауапкершілік және қоғам алдындағы міндет туралы сөз қозғалды. Қылышбай Бисеновтің ғалымдық және ұстаздық қызметін қоғамдық жұмыспен ұштастыруы осы ұстанымдардың өзара сабақтастығын көрсетеді. Академик жастарға өз өмірінен мысалдар келтіріп, мамандық таңдаудан бастап, елге қызмет етуге дейінгі жауапкершілік жайында ой салды.

Жүздесудің тағы бір бөлігі академиктің ғылыми еңбектеріне арналды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде жастар Қылышбай Бисеновтің авторлық еңбектерімен танысып, ғалымның көпжылдық ғылыми ізденістерінің нәтижесін көрді.

«Өмір тәжірибесі» жобасының мәні де осында. Аға буынның жүріп өткен жолын кейінгі ұрпаққа таныстырып қана қоймай, сол тәжірибеден тағылым алуға мүмкіндік беру. Өйткені өмірлік сабақтың ең әсерлі түрі – оны сол жолдан өткен адамның өзінен есту.

Қылышбай Бисеновтің еңбек жолы – білім мен ғылымға адалдықтың, табанды еңбектің және елге қызмет етудің нақты үлгісі. Ал осындай тұлғалармен тікелей жүздесу жастарға өткенді танумен қатар, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *