Қызылорда облысы Арал қаласында бір ғасырдан астам тарихы бар «Арал теңізі» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді,- деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.

Жаңарған нысанның ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Нұркен Бақытбекұлы, Мағжан Ералиев, Ирина Тен, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Вокзал Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңа келбетке ие болды. Бүгінде еліміздегі 124 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда облысындағы 7 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті және Талап бекетіндегі жолаушылар платформасы бар.

Аймақ басшысы жаңғыртылған вокзалдарда жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалғанын, бұл өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі теміржол вокзалдары жаңартылып жатыр. 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, оған іргелес аумақ толық абаттандырылды. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Сексеуіл теміржол вокзалдарындағы, Талап бекетінің жолаушылар платформасындағы жұмыс толық аяқталып, бұл нысандарда келушілерге қызмет көрсетілуде. Биыл өңіріміздегі 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөндеуден өтуде. Жалағаш және Тереңөзек кенттеріндегі қызмет көрсету пункттері де жаңғыртылып жатыр. Бүгін Төретам, Жосалы теміржол вокзалдарын да ел игілігіне табыстаймыз. Вокзалдарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуге 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жаңа ғимараттардың сапасы, қызмет көрсету деңгейі облыс аумағынан өтетін қонақтар мен туристердің оң бағасын алып, өңіріміз туралы жақсы әсер қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Салтанатты рәсім барысында Құрылтай депутаты Ирина Тен сөз сөйлеп, Арал ауданының құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Алдаберген Жоланов ақ батасын берді.

Сондай-ақ теміржол саласында ұзақ жыл еңбек еткен сала қызметкерлері мен вокзал құрылысын жүргізген мердігер мекеме өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

120 жылдық тарихы бар вокзал

«Арал теңізі» теміржол вокзалы 1905 жылы «Орынбор – Ташкент» теміржол желісінің құрылысы кезінде бой көтерген. Бір ғасырдан астам уақыттан кейін қайта жаңғыртылған ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.

Жаңарған вокзал тәулігіне 600 жолаушыға, бір мезетте 224 жолаушыға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Нысанды қайта жаңғыртуға 1,7 млрд теңге қаржы бөлінген.

Құрылыс жұмыстарын «Техаснастка ремсервис» компаниясы өткен жылдың қараша айында бастаған. Жаңғыртылған вокзалда ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт қарастырылған.

Бұдан бөлек, жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған шағын асхана, кафетерий және санитарлық-тұрмыстық орындар бар.

Тарихы терең теміржол вокзалының қайта жаңғыруы Арал қаласының көлік инфрақұрылымын жақсартып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

default

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *