«Таза Қазақстан» – тазалық мәдениетін қалыптастыратын жалпыұлттық жоба
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» – уақытша науқан емес, тұрақты түрде жалғасуы тиіс жалпыұлттық жоба екенін атап өткен. Президенттің айтуынша, қоршаған ортаның тазалығы әр адамның күнделікті дағдысына айналуы қажет. Сонымен қатар тазалық мәдениетін қоғамда орнықтыру және оны жас ұрпақтың бойына сіңіру маңызды міндет ретінде айқындалған.
«Таза Қазақстан» қағидаты тазалық пен тәртіпті сақтау ғана емес, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды, тарихи-мәдени мұраны құрметтеуді, қоғамдық орындарды таза ұстауды және вандализм мен бейберекетсіздікке жол бермеуді көздейді. Президенттің ресми құжатында бұл қағидат азаматтардың жауапкершілігін арттырып, қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға ықпал ететіні көрсетілген.
Мемлекет басшысы тазалықтың әр үйден, әр ауладан және әр азаматтан басталатынын атап өткен. Осы ретте «Таза Қазақстан» жобасы ел тұрғындарын туған жердің тазалығы мен көркеюіне ортақ жауапкершілікпен қарауға үндейді. Әрбір азаматтың қарапайым күнделікті әрекеті – көшені таза ұстау, қоқысты белгіленген орынға тастау, жасыл желекті қорғау және қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау – елдегі тазалық мәдениетінің қалыптасуына үлес қосады.
Бүгінде «Таза Қазақстан» – тазалық жұмыстарының жиынтығы ғана емес, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыратын қоғамдық мәдениет. Таза әрі жайлы орта құру – мемлекет пен қоғамның бірлескен ісі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру, экологиялық мәдениетті жас ұрпақтың бойына сіңіру және әр азаматтың жауапкершілігін арттыру маңызды.













