Қызылорда облысында 214 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Олардың құрамында 54 мыңнан астам партия мүшесі бар. «Әділет» партиясы үшін бұл – жай ғана статистика емес, халықпен тікелей жұмыс істейтін үлкен күш. Бастауыш ұйымдардың жұмысы арқылы партия азаматтардың ұсынысы мен мәселесін жергілікті жерде естіп, оларды шешуге ықпал ете алады.

Осы бағыттағы жұмысты талқылау мақсатында Қызылордада «Бастауыш ұйым: жаңа серпін — жаңа міндеттер» тақырыбында бастауыш партия ұйымдары өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуде «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай бастауыш ұйымдардың партия жұмысындағы маңызына ерекше тоқталды.

«Кез келген саяси партияның негізгі күші тек орталық немесе өңірлік құрылымында емес, ең алдымен, елмен тікелей жұмыс істейтін бастауыш партия ұйымдарында. Бастауыш ұйым – азамат пен партия арасындағы тікелей байланысты қалыптастыратын негізгі буын», – деді Жандос Базартай.

Филиал төрағасының айтуынша әр партия мүшесінің артында қоғамға қатысты өзіндік пікірі, талабы мен ұсынысы бар. Олар халықтың мәселесін тыңдап, азаматтардың ұсыныстарын жеткізіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал етуі тиіс.

«Біз халыққа партия туралы сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуіміз қажет. Азаматтың мәселесін тыңдап, оның шешілуіне ықпал ету – біздің жұмысымыздың басты өлшемі», – деді Жандос Базартай.

Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуына бастауыш ұйымдардың атсалысуы да сөз болды. Сайлауалды бағдарламада белгіленген міндеттердің орындалуына жергілікті жердегі партия мүшелерінің белсенді қатысуы маңызды екені атап өтілді.

Филиал төрағасы үздік ұйымдарды марапаттау барысында бұл бастаманың маңызына тоқталды.

«Бұл марапат – жұмыстың аяқталғанын емес, керісінше, жақсы нәтижені одан әрі дамытуға берілген баға. Үздік бастауыш партия ұйымдарын анықтау арқылы тиімді жұмыс тәжірибесін қалыптастырып, бір-бірімізден үйренуге және барлық бастауыш ұйымдардың жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік жасаймыз», – деді Жандос Базартай.

Байқау жеңімпаздарына түрлі-түсті және лазерлі принтерлер, сондай-ақ ноутбуктер табысталды. Бұл қолдау бастауыш ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, күнделікті жұмысын тиімді ұйымдастыруына мүмкіндік береді.

Партия басшылығының айтуынша, мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі мақсат – үздік тәжірибені кеңінен таратып, бастауыш ұйымдардың жұмыс сапасын арттыру. Партияның күші мүшелерінің санымен ғана емес, қоғамға пайдалы нақты істерімен өлшенеді. Ал осы жұмыстың халыққа ең жақын буыны – бастауыш партия ұйымдары.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *