Биыл жыл басынан бері Қазақстанда теміржол көлігімен 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары.

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжановтың мәліметінше, тасымалданған астықтың 7,2 млн тоннасы экспортқа бағытталса, 2,1 млн тоннасы импорт көлемін құраған.

Астық тасымалының негізгі бағыттарында да өсім байқалады. Атап айтқанда, Орталық Азия елдеріне жеткізу көлемі 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға артқан. Ресей порттары арқылы тасымал 9 пайызға өскен.

Ауғанстан бағыты бойынша көрсеткіш айтарлықтай жоғарылаған. Бұл елге астық тасымалдау көлемі 4,4 есеге өсіп, 655 мың тоннаға жетті.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа астық маусымында өнімді тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер жеткілікті.

«Жаңа астықты тасымалдауға қажетті вагондар мен локомотивтер дайын. Бүгінде 16,9 мың астық вагоны, 17,8 мың жабық вагон және 2 мыңнан астам локомотив бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазіргі парк астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда қосымша мүмкіндік те бар», – деді Жәнібек Тайжанов.

Осылайша, теміржол инфрақұрылымы жаңа астық маусымында экспорттық және ішкі тасымал көлемін қамтамасыз етуге дайын. Әсіресе Орталық Азия, Қытай және Ауғанстан бағыттарындағы өсім Қазақстан астығының сыртқы нарықтарға жеткізілу көлемінің артып отырғанын көрсетеді.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *