Роза Бағланованы кейінгі ұрпақ қалай таниды? Әнші мұрасы қалай насихатталып жатыр?
Қазақстанда қазақтың көрнекті әншісі Роза Бағланованың шығармашылық мұрасын сақтау, зерттеу және кейінгі ұрпаққа насихаттау бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Әншінің есімі «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымына беріліп, Алматы мен Қызылорда қалаларында ескерткіштері орнатылған. Оның шығармашылығы концерттер, театр қойылымдары, халықаралық вокалдық конкурс және басқа да мәдени жобалар арқылы насихатталып келеді.
Роза Бағланова – қазақтың кәсіби ән өнерінің дамуына айрықша үлес қосып, ұлттық өнерді әлемдік деңгейде танытқан бірегей тұлға. Оның шығармашылық жолы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы майдан сахналарынан басталып, кейін Қазақ опера және балет театры, Қазақ филармониясы және «Қазақконцерт» сахналарында жалғасты. 1960 жылдан бастап өмірінің соңына дейін «Қазақконцерттің» солисі болып еңбек етті.

Министрлік мәліметінше, бүгінде әншінің шығармашылық мұрасын сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында архивтік құжаттар мен тарихи жәдігерлерді сақтау, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, музей экспозицияларын ұйымдастыру, концерттік және театрлық қойылымдар арқылы шығармашылығын насихаттау, жас өнерпаздарды қолдау және халықаралық мәдени жобаларды дамыту бар.
«Қазақконцертке» Роза Бағланованың есімі берілді
Роза Бағланованың есімін ұлықтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі – 2021 жылы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына әншінің есімінің берілуі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 17 тамыздағы №564 қаулысына сәйкес ұйымның атауы Роза Бағланованың есімімен толықтырылды. Бүгінде ол Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы ретінде қызмет атқарады.
Ведомство бұл шешімді әншінің қазақ өнеріне, соның ішінде «Қазақконцерттің» қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи үлесін мойындаудың маңызды белгісі ретінде атап өтті.
100 жылдығы ЮНЕСКО күнтізбесіне енгізілді
Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы да оның шығармашылық мұрасын сақтау мен насихаттауға ерекше серпін берді.
2022 жылы әншінің туғанына 100 жыл толуына орай елімізде ауқымды мәдени іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар оның 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.
Мерейтой аясында әншінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы және Қызылорда қалаларында ескерткіштер орнатылды.
Алматыдағы қола ескерткіш Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының алдына қойылды. Бұл орынның өзіндік тарихи мәні бар. Өйткені Роза Бағланова 1949-1960 жылдары осы филармония сахнасында өнер көрсеткен. Ескерткіштің биіктігі – 4,8 метр.
Қызылорда қаласында да әншінің 100 жылдық мерейтойы аясында орталық алаңда ескерткіш ашылды. Оның биіктігі – 5,7 метр. Тұғыры граниттен жасалып, мүсіні қоладан құйылған.
Роза Бағланованың өмірі театр сахнасында жаңғыртылды
Әншінің мұрасын сахна өнері арқылы насихаттаудың тағы бір маңызды бағыты – «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының «Роза Бағланова» мюзиклі.
Қойылымда әншінің балалық және жастық шағы, соғыс жылдарындағы тағдыры, шығармашылық жолының қалыптасуы мен өнердегі биік белестері қамтылған. Көрерменге Роза Бағланованың өмірбаянымен қатар оның бойындағы отансүйгіштік, қайсарлық, өнерге адалдық және азаматтық болмысы да жеткізіледі.
Мюзикльдің ерекшелігі – тарихи тұлғаның өмір жолын заманауи театр тілімен көрсетуінде. Қойылымда актерлік шеберлікпен қатар музыка, хореография, сахналық шешімдер және заманауи театр технологиялары үйлесім тапқан.
«Қазақконцерт» әншінің репертуарын жаңғыртып келеді
Роза Бағланованың шығармашылығын насихаттауда концерттік жобалардың да орны ерекше.
Министрлік мәліметінше, «Қазақконцерт» әртістерінің орындауындағы әншінің репертуарына арналған бағдарламалар еліміздің түрлі өңірлерінде ұсынылып келеді. Осы арқылы Роза Бағланованың шығармалары жаңа буын орындаушыларының репертуарына енгізіліп, көрерменге қайта ұсынылуда.
Мерейтойлық жылдары Қызылорда облысының аудандарында да арнайы концерттер ұйымдастырылып, әншінің туған жеріндегі көрерменге оның шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылған.
Халықаралық вокал конкурсына қызығушылық артқан
Роза Бағланованың шығармашылық мұрасын сақтау және насихаттаудың негізгі жобаларының бірі – оның есімімен аталатын халықаралық вокалдық конкурс.
Байқаудың басты мақсаты – ұлы әншінің шығармашылығын насихаттау, ұлттық музыкалық дәстүрлерді сақтау, сондай-ақ жас талантты орындаушыларды анықтау және қолдау.

Конкурсқа Қазақстаннан және шетелдерден 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы вокалистер қатысады. 2024 және 2026 жылдары байқау онлайн іріктеу, Астанадағы офлайн кезең және қорытынды гала-концерт форматында өткізілді.
2024 жылы алғашқы онлайн кезең 7-17 қыркүйек аралығында өтті. Байқауға 50-ден астам өтінім түскен. Оның ішінде көршілес елдерден бес өтінім болды. Екінші кезеңге 16 қатысушы жолдама алды.
28 қыркүйекте өткен гала-концертті 946 көрермен тамашалады.
Сол жылы гран-при жүлдесін Түркістаннан келген Асыл Жомартов иеленіп, 2 млн теңге алды. Бірінші орынға Астана қаласының өкілі Анна Уварова ие болып, 1,5 млн теңге иеленді. Екінші орын Оралдан келген Аружан Бисембайға бұйырып, оған 1 млн теңге берілді. Үшінші орынды Өзбекстаннан келген Севарахон Тулаева иеленіп, 500 мың теңге алды.
2024 жылғы қазылар алқасын Қазақстан және Қырғызстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев басқарды. Оның құрамына Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова, Өзбекстанның халық әртісі Мансур Ташматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Нұрлан Абдуллин, Жанна Орынбасарова және Жаннат Бақтай, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев кірді.
Ал 2026 жылғы байқауға қатысуға қызығушылық айтарлықтай артқан.
Биылғы алғашқы онлайн кезең 8-17 сәуір аралығында өтті. Конкурсқа 137 өтінім келіп түсті, оның ішінде шетелдік қатысушылар да бар. Екінші кезеңге 20 вокалист жолдама алды.
Байқауға Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь және Иран өкілдері қатысты.
2026 жылғы гран-при жүлдесін Алматыдан келген Медет Урумбаев иеленіп, 2 млн теңге алды. Бірінші орын Меруерт Желдібаеваға (Астана) бұйырып, оған 1,5 млн теңге табысталды. Екінші орынды Сәкен Алимханов (Астана) иеленіп, 1 млн теңге алды. Үшінші орынды Аян Байжігіт пен Эльвира Мамытова (Алматы) бөлісті. Олардың әрқайсысына 350 мың теңгеден берілді.
2026 жылғы қазылар алқасын Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Лаки Кесоглу басқарды. Қазылар құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Бокенов, Жеңіс Ысқақова және Сембек Жұмағалиев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының халық әртісі Рыскельды Осмонкулов болды.
Байқауда арнайы жүлделер де табысталды
2026 жылы Роза Бағланованың туыстарының бастамасымен арнайы жүлделер тағайындалды.
Гран-при иегері Медет Урумбаевқа Роза Бағланованың алтын жалатылған мүсіншесі табысталды. Ираннан келген қатысушы Айназ Рахимзадеге ақшалай жүлде берілді. Ал Беларусь және Өзбекстан өкілдеріне әншіге арналған коллекциялық топтамадан күміс сырғалар табысталды.
Министрліктің хабарлауынша, конкурстың маңызды нәтижелерінің бірі – жас орындаушыларды байқаудан кейін де қолдау.
Жекелеген лауреаттар «Қазақконцерттің» концерттік бағдарламалары мен шығармашылық жобаларына қатысуға тартылып, конкурс аяқталғаннан кейін де кәсіби дамуына мүмкіндік алады.
Байқауға қызығушылықтың артқаны да байқалады. 2024 жылы 50-ден астам өтінім түссе, 2026 жылы олардың саны 137-ге жеткен.
Роза Бағланованың мұрасы қайда сақтаулы?
Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен жәдігерлер Қазақстанның архивтері мен музейлерінде сақтаулы.
Маңызды қорлардың бірі – Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі әншінің жеке тектік қоры.
Онда Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты қолжазбалар, мақалалар, сұхбаттар, хаттар, фотосуреттер, грамоталар, өмірбаяндық және қызметтік құжаттар жинақталған.
Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде де әншіге қатысты жәдігерлер бар. Атап айтқанда, музейде Роза Бағланованың суреті, сахналық киімі, бас киімі және аяқ киімі сақталған.
Қызылорда өңіріндегі музейлердің қорында да әншінің фотосуреттері, құжаттары, сахналық киімдері мен жеке заттары бар. Олардың бір бөлігі 100 жылдық мерейтойы аясында арнайы көрмелерде көпшілікке ұсынылған.
Әншінің шығармашылық мұрасының маңызды бөлігі Қазақстанның ұлттық телерадиосының Алтын қорында сақталған.
Қорда Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығына арналған телерадио бағдарламалары, сұхбаттары, шығармашылық кештері және оның өнер жолын қамтитын аудио-бейнематериалдар жинақталған.
Сонымен қатар Қазақ радиосының алтын қорында оның орындауындағы шығармалардың бір бөлігі сақталған. Оның орындауындағы қазақ композиторлары мен ақындарының шығармалары ұлттық музыкалық мұраның маңызды бөлігі саналады.
Материалдарды цифрландыру жоспарланып отыр
Министрлік алдағы уақытта Роза Бағлановаға қатысты архивтерде, музейлерде және ұлттық телерадио қорында сақталған материалдарды бір жүйеге келтіру мәселесіне мән берілетінін атап өтті.
Атап айтқанда, электронды каталог қалыптастыру, аудио-бейнематериалдарды цифрландыру және музей жәдігерлерінің цифрлық көшірмелерін жасау бағыттары қарастырылып отыр.
Сонымен қатар әншінің сахналық киімдері, жеке заттары, фотосуреттері, марапаттары, архивтік құжаттары, концерттік бағдарламалары, аудио және бейнежазбалары қамтылатын мәдени орталық немесе музей форматындағы экспозиция құру мүмкіндігі де бар.
Мұндай кеңістікте виртуалды тур, интерактивті экрандар, Роза Бағланованың өмір жолының мультимедиялық картасы, цифрлық аудиоархив және зерттеушілерге арналған электронды каталог сияқты заманауи құралдарды қолдануға болады.
Білім беру бағытында да әншінің мұрасын кеңінен пайдалануға мүмкіндік бар. Музыкалық оқу орындарында оның орындаушылық мектебіне арналған арнайы сабақтар, шеберлік сыныптары мен шығармашылық зертханалар ұйымдастыру, репертуарындағы шығармаларды жас вокалистерге үйрету және өмірі мен шығармашылығы туралы оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу ұсынылады.
Роза Бағланованың есімі шетелде қалай насихатталып жатыр?
Роза Бағланованың шығармашылық жолының өзі халықаралық сипатқа ие. Әнші Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы майдан сахналарында өнер көрсетіп, кейін халықаралық фестивальдер мен гастрольдік сапарларға қатысты.
Оның халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктерінің бірі – 1949 жылы Будапештте өткен Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестиваліндегі жеңісі.
Әншінің 100 жылдығының ЮНЕСКО-ның 2022-2023 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне енгізілуі де оның халықаралық мәдениеттегі орнын айқындай түсті.
Қазір Роза Бағланованы халықаралық деңгейде таныту жұмыстары жаңа форматтар арқылы жалғасып келеді.
Соның бірі – оның есімімен аталатын халықаралық вокалдық конкурс. 2026 жылғы байқауға шетелдік қатысушылардың, соның ішінде Түркия, Беларусь, Өзбекстан және Қырғызстан өкілдерінің қатысуы конкурстың географиясы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Тағы бір маңызды жоба – «ASTANA MUSICAL» театрының «Роза Бағланова» мюзиклі.
Қойылым әншінің өмірі мен шығармашылық жолын театр өнері арқылы танытып қана қоймай, Қазақстаннан тыс жерлерде де көрсетілді.
Мюзикль Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен XVII Халықаралық мюзикл фестивалінде «Үздік халықаралық мюзикл» және «Үздік әйел бейнесі» номинациялары бойынша марапатталды.
Сонымен қатар Роза Бағланованың өмірі мен шығармашылығына арналған кино және телевизиялық жобалар да бар. «Қазақфильм» киностудиясы әншінің шығармашылық жолына арналған «Біздің Роза» деректі фильмін түсірді. Ал «Хабар» телеарнасында оның өмірі мен шығармашылығына арналған «Бұлбұл» биографиялық көркем телесериалы көрсетілді.
Алдағы жоспар қандай?
Министрлік мәліметінше, алдағы уақытта Роза Бағланованың мұрасын сақтау және насихаттау жұмыстары бірнеше бағытта жалғасады.
Бірінші кезекте архивтерде, музейлерде, Қазақстанның ұлттық телерадиосының Алтын қорында және басқа да қорларда сақталған материалдарды жүйелеу, электронды каталог қалыптастыру, аудио және бейнематериалдарды цифрландыру міндеті тұр.
Сонымен қатар әншінің мұрасын заманауи форматта көпшілікке таныстыру, білім беру жобаларын іске асыру, музыкалық оқу орындарында шеберлік сабақтары мен шығармашылық зертханалар ұйымдастыру бағыттары қарастырылуда.
Роза Бағланова атындағы халықаралық вокалдық конкурсты да жалғастыру жоспарланып отыр. Келесі жылы байқауды қайта өткізу көзделген. Оның қатысушылар географиясын кеңейту, жаңа жас орындаушыларды тарту, халықаралық мәртебесін нығайту, концерттік бағдарламаларын жетілдіру және шетелдік қатысушылар мен ұйымдармен мәдени ынтымақтастықты дамыту жоспарланып отыр.
Осылайша, Роза Бағланованың шығармашылық мұрасын сақтау жұмысы тек әншінің есімін ұлықтаумен шектелмейді. Архивтердегі құжаттар мен музейлердегі жәдігерлерден бастап концерттік бағдарламаларға, театр қойылымдарына, халықаралық вокалдық конкурсқа, кино және телевизиялық жобаларға дейінгі жұмыстар бір бағытта жүргізіліп келеді.
Роза Бағланованың есімін «Қазақконцертке» беру, Алматы мен Қызылорда қалаларында ескерткіштерінің орнатылуы, Ұлттық музейде жеке жәдігерлерінің сақталуы, архивтегі жеке қоры мен ұлттық телерадио қорындағы шығармалары – қазақ өнерінің көрнекті өкілінің мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.
Ал мұраны цифрландыру, жас өнерпаздарды қолдау және халықаралық жобалар арқылы Роза Бағланованың шығармашылығын жаңа аудиторияға таныту оның есімін мәдени кеңістікте одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Фото: БАҚ.КЗ. архиві/ Жалғасбек Тоқтамысов












