Қазақстан УЕФА Еуропа чемпионатын өткізуге өтінім берді
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) футзалдан 2030 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге қызығушылық білдіріп, УЕФА-ға өтінім берді, деп хабарлайды Sports.kz.
УЕФА-ның ресми мәліметінше, турнирді қабылдауға рекордтық көрсеткіш саналатын жеті ел ниет білдірген.
«УЕФА футзалдан 2030 жылғы Еуропа чемпионатын өткізуге жеті ұлттық қауымдастықтан қызығушылық туралы өтінім алды. Бұл футзалдың танымалдығы артып келе жатқанын және ұлттық құрамалар арасындағы басты турнирді ұйымдастыруға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.
Хорватия, Финляндия, Франция, Грузия, Қазақстан, Польша және Испания турнирдің финалдық кезеңін өткізуге ниет білдірді. Хорватия мен Испания бұған дейін футзалдан Еуропа чемпионатын қабылдаған. Ал қалған бес мемлекет үшін бұл алғашқы тәжірибе болуы мүмкін.
Турнирді өткізуге арналған түпкілікті өтінімдер 2027 жылдың 8 маусымына дейін тапсырылуы тиіс. УЕФА Атқарушы комитеті жарысты қабылдайтын елді 2027 жылдың қыркүйегінде анықтайды», — делінген ұйымның ресми хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін УЕФА 2027 жылы футзалдан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі Астанада өтетінін ресми түрде бекіткен болатын. Аталған турнирдің матчтары 2027 жылдың күзінде ұйымдастырылады.
Фото: ашық дереккөз












