Қазақстанда мерзімі өткен несие берешегін өндіріп алу тәртібі өзгерді. Енді банктер белгілі бір жағдайда борышкердің шотында кемінде 101 702 теңге қалдыруға міндетті. Жаңа талап 2026 жылғы 21 қазаннан бастап күшіне енді.

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, банк мерзімі өткен несие қарызын төлем талабы арқылы өндірген кезде азаматтың шотындағы барлық ақшаны ұстап қала алмайды. Қарыз алушының күнделікті қажеттілігіне жұмсайтын қаражаты сақталуы тиіс.

Борышкердің шотында қанша ақша қалуы керек?

Жаңа ережеге сәйкес, несие қарызын өндіріп алу кезінде азаматтың ағымдағы шоттарында кемінде екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат қалуы қажет.

2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Демек, борышкердің шотында кемінде 101 702 теңге сақталуы тиіс.

Сонымен қатар банк төлем талабы арқылы шоттағы қаражаттың 50 пайызынан астамын ұстай алмайды. Бұл шектеу заңда көзделген кейінгі ақша түсімдеріне де қолданылады.

Алайда қорғалатын сома әр шотқа жеке есептелмейді. Бір банктегі азаматқа тиесілі барлық ағымдағы шоттың жалпы қалдығы ескеріледі.

Мысалы, шотта 150 мың теңге болса…

Азаматтың несие төлемін кешіктіріп, банк алдындағы қарызы жиналды делік. Оның бір банктегі ағымдағы шоттарында 150 мың теңге бар.

Банк төлем талабы арқылы берешекті өндірген жағдайда азаматқа кемінде 101 702 теңге қалдыруы керек. Яғни бұл сомадан ең көбі 48 298 теңге ұстай алады.

Ал шоттағы қаражат белгіленген ең төменгі сомадан аз болса, банк осы тәртіппен ақша өндірген кезде қалдықты одан әрі азайтпауы тиіс.

Бұл ретте банк екі талапты да сақтауға міндетті: шотта кемінде 101 702 теңге қалуы және қаражаттың 50 пайызынан астамы ұсталмауы қажет.

Фото: AI көмегімен жасалды

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Әлеумет

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *