Қызылорда-Жалағаш: Әкім әлем чемпионын қабылдады
Жалағаш ауданының әкімі Ерлан Төрәлиев гір спортынан Әлем чемпионы атанған жерлесіміз Төлеген Қайсарды және анасы Қарлығаш Маханованы қабылдап, халықаралық аренада қол жеткізген жоғары жетістігімен құттықтады.
2026 жылдың 14–18 қараша күндері Латвия Республикасының астанасы Рига қаласында гір спортынан өткен Әлем чемпионатында ауданымыздың спортшысы Төлеген Қайсар жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық деңгейде еліміздің мерейін үстем етті.
Кездесу барысында аудан әкімі спортшының табандылығы мен еңбекқорлығын атап өтіп, аудан абыройын асқақтатқан жеңісі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ чемпионның осындай биік белестерді бағындыруына қолдау көрсетіп, тәрбиесіне ерекше үлес қосқан анасы Қарлығаш Махановаға да ризашылығын жеткізді.

«Сіз әлемдік деңгейдегі жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, Жалағаш ауданының мерейін үстем еттіңіз. Бұл – қажырлы еңбектің, мақсатқа деген ұмтылыстың, спортқа деген шынайы сүйіспеншіліктің жемісі. Әр жеңістің артында спортшының маңдай терімен қатар, отбасының қолдауы мен ата-ананың ақ батасы тұрады. Сізге алдағы уақытта да толағай табыстар тілеймін. Ал анаңызға осындай азаматты тәрбиелеп өсіргені үшін алғысымды білдіремін», – деді аудан әкімі.
Қабылдау барысында аудан әкімі чемпион Төлеген Қайсарға құттықтауын табыстап, анасы Қарлығаш Махановаға да құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, спортшы бұған дейін де республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген. 2026 жылдың 22–26 ақпан күндері Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында ұзын айналым жаттығуы бойынша 78 келі салмақ дәрежесінде жастар арасында І орын, кәсіпқой ересектер арасында ІІ орын иеленген.

Төлеген Қайсар 2018 жылдан бері «Наркескен» спорт клубының гір спорты үйірмесінде жаттығып келеді. Спортшының жаттықтырушысы – Абдулхасан Сейтенов.












