Ақтауда ұшақ құлады…
Ақтау маңында болған ұшақ апаты елді дүр сілкіндірді. Әзербайжанның Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Баку – Грозный рейсін орындау кезінде апатқа ұшырады. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті. Ал, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ұшақ бортында 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан және 16 Ресей азаматы болғанын хабарлады. Жалпы апат орнынан 29 адам облыстың медициналық мекемелеріне жеткізілген. Оның 27-сі Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті. Министрліктің мәліметінше, 27 адамның 11-інің жағдайы ауыр. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр. Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы екі бала жеткізілді. Екеуіне де ота жасау жоспарлануда. Ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстарын ішкі істер министрі бақылауға алған.