Әнімен әдемі Әуез әулеті
Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінде қазақ өнерінің көрнекті өкілдері – Махамбет Әуезовтің 100 жылдығы мен Раманқұл Әуезовтің 70 жылдығына арналған «Өнерімен өркендеген әулет» атты қазалылық «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің шығармашылық концерті өтті, — деп хабарлайды fastnews.kz
Кеш барысында Мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист, өнер майталманы Оңталап Дүйсенәліұлы Нұрмаханов өмірі өнерімен өрнектелген ансамбльдің шығармашылығына, жетістіктеріне тоқталса, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Жанат Ашанқызы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Құттықтау хатын табыстады.
Сондай-ақ, әуезді кеште көрермендерге әулеттің ұлттық өнерге қосқан үлесі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан шығармашылық ізденістері мен рухани мұрасы таныстырылды.
Кеште ансамбльдің жетекшісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, бүкілодақтық, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты, кәсіби музыкант, қобызшы Арман Әуез сөз сөйлеп, ансамбльдің қалыптасу кезеңдері мен даму жолдарына тоқталды. Ол ұлттық өнерді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етудің үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.
Концерттік бағдарламада Ансамбль М.Әубәкіровтің «Наркескен», Құрманғазының «Қызыл қайың», Әлшекейдің «Терісқақпай», Мырзаның «Мерке» күйлерін, С.Әліштің «Батыс әуендері», Е.Кішкенеевтің «Нұргүл» вальсін және Моцарттың «Рондо» шығармасын орындады.
Сонымен қатар, басқа да әсерлі туындылары арқылы көрермендерге рухани ләззат сыйлады.
Ұлттық өнерді ұлықтаған осындай тағылымды кештер рухани байлығымызды арттырып, жас ұрпаққа жол көрсетері сөзсіз.