Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында тұратын Еркінбай Шідербаев 20 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді, деп хабарлайды FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.

Сауда-саттық саласында тәжірибесі мол. Одан өзге отбасылық наубайханасы бар. Нан өнімдерін дайындай жүріп, макарон өнімдерін шығарып көреді. Қолдан келетін іс екеніне көз жеткізген соң осы салада мамандануды көздейді.

«Нарықты зерттеп көрдім. Халық макарон өнімдерін жиі қолданады. Оны шығаруда тәжірибе де жинадым. Сауда-саттық, әрине, жақсы табыс көзі. Дегенмен өнім шығарудың болашағы бар, әрі мемлекет те отандық өнім шығарушыларға жақсы қолдау көрсетеді», дейді кәсіпкер.

Ол макарон шығару ісін бастау үшін қаржы іздестіреді. Кәсіпкерлік саласын қаржыландыратын ұйымдардың жұмысымен, ондағы бар бағдарламалармен танысады. Қаржы ұйымдарының ішінде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығының ұсынған бағдарламасы көңілінен шығып, өтінім береді.

«Жобамды жүзеге асыру үшін макарон өнімдерін шығаратын құрал-жабдық алу керек болды. Керек жабдықты Италиядан таптық. Былтыр қажет қаржыны «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан сұратқанымда өтінішімізді жылдам қарап, сұранысымызды қанағаттандырды. Нәтижесінде жоспарлаған уақытында жабдықтарды орналастырып, макарон шығаруды бастап кеттік», дейді Еркінбай Шідербаев.

Кәсіпкер бүгінде өнімдерін арнайы қаптамамен дайындап, тұтынушыларға ұсынуда. Жоба аясында 5 адамды жұмыспен қамтыды.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы директорының орынбасары Досжан Анасбаев макарон өнімдерін тұтыну көрсеткіші елімізде уақыт өткен сайын артып жатқанын айтады.

«Өткен жылдың ІІІ тоқсанында макарон өнімдеріне сұраныс елімізде 0,8-2,5 пайыз аралығында өскен. Биыл қаңтар айында Қазақстанда 2,8 мың тонна макарон шығарылған. Басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары мен Шымкент және Астана қалаларынан шыққан. Біздің облыста бұл сала дамымаған десек те болады. Өңір кәсіпкерлері бұл бағытта қызығушылық танытқан жағдайда қолдау көрсетуге әзірміз», дейді Өңірлік орталық өкілі.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *