Қайтарылған активтер есебінен елімізде 400-ден астам әлеуметтік нысан бой көтеруде
Қайтарылған активтер есебінен елімізде 400-ден астам әлеуметтік нысан бой көтеруде
Қазақстанда заңсыз жолмен шетел асқан активтерді елге қайтару жұмыстары нақты нәтижесін бере бастады. Қаржы министрлігінің жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға аударылған қаражат бүгінде ел игілігіне жаратыла бастады. Жалпы сомасы 318 млрд теңгені құрайтын бұл қаражаттың есебінен 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы қолға алынған.
Әлеуметтік инфрақұрылым – басты басымдық
Бүгінгі таңда 406 жоба қаржыландыруға мақұлданып, олардың ішінен 333 жоба белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл тізімге:
-
162 денсаулық сақтау нысаны,
-
159 сумен жабдықтау жобасы,
-
9 білім беру мекемесі,
-
3 спорт нысаны кіреді.
Бұл бастама еліміздің түкпір-түкпіріндегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды әлеуметтік бағдарламаға айналып отыр.
Аймақтардағы нақты жобалар
Астана қаласы
Ескі стадионның орнына Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа жабық спорт кешені бой көтеруде. Заманауи ғимаратта мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы орындар қарастырылған, жалпы сыйымдылығы – 3598 орын.
Алматы қаласы
Мегаполисте 9 сумен жабдықтау жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл – қаладағы инфрақұрылымның сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Шымкент
«Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешенінің тәрбиеленушілеріне арналған 300 орындық жаңа жатақхана салынуда.
Шығыс Қазақстан облысы
Гематология орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба аясында 148 орындық стационар мен 24 орындық пациенттерге арналған қонақ үй қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы
Соколов, Булаев және Пресновский топтық су құбырлары қайта жаңартылуда, бұл – өңір тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етудің кепілі.
Қарағанды облысы
7 ауданда 51 медициналық нысан: дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынады.
Ақмола облысы
Денсаулық сақтау, спорт және сумен жабдықтау салаларында 38 жоба қолға алынған.
Ақтөбе облысы
12 әлеуметтік маңызы бар жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы балабақша құрылысы.
Абай облысы
24 әлеуметтік нысанға қаржы бөлінген. Жаңа медициналық мекемелер мен сумен жабдықтау желілері салынады.
Атырау облысы
Білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау бағыттары бойынша әр салада бір-бір нысаннан тұрғызылады.
Жетісу облысы
22 жоба – білім беру, денсаулық сақтау және су жүйелерін жаңғырту бағыттарында іске асады.
Алматы облысы
Спорт, медицина және сумен жабдықтау салаларында жаңа нысандар салынып жатыр.
Жамбыл облысы
19 жоба іске асырылады: 4-еуі денсаулық сақтау, 15-і сумен жабдықтау саласына қатысты.
Батыс Қазақстан облысы
Жыл соңына дейін 25 жобаны аяқтау жоспарланған.
Маңғыстау облысы
Облыста 1 денсаулық сақтау нысаны бой көтереді.
Қостанай облысы
Сумен жабдықтау желілері түбегейлі жаңартылып жатыр.
Түркістан облысы
1 білім беру мекемесі және 35 су жобасы жүзеге асады.
Павлодар мен Қызылорда облыстары
Сумен жабдықтау және медицина салаларындағы жаңа жобалар қолға алынуда.
Ұлытау облысы
Жаңа білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау нысандары салынуда.
Мемлекет қаржыны ел игілігіне тиімді жұмсау бағытын берік ұстанып отыр. Заңсыз жолмен елден шығарылған қаражатты қайтару арқылы әлеуметтік саланы жаңғырту – халықтың әл-ауқатын арттырудың және әділеттілікті қалпына келтірудің нақты жолы.
Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, елдің әрбір өңірі қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.