Қызылордада Медицина қызметкерлері күніне арналған «Сыр медицинасының ғаламат ғасыры» атты салтанатты шара өтті. Іс-шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сала ардагерлері мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы медицина мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы айтып өтті.

«Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Сіздер халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, дені сау ұлт қалыптастыруға бағытталған жаңа реформалар мен бағдарламаларды сәтті жүзеге асыру жолында жауапты міндет атқарып келесіздер. Нағыз дәрігер үшін ең жоғары құндылық – халықтың ыстық ықыласы мен алғысына бөлену. Бүгінгі мерейлі мерекеде сіздердің өлшеусіз еңбектеріңізге барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан алғыс айтып, зор ризашылығымызды білдіремін, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Үш жылда – 441 млрд теңге инвестиция

Соңғы үш жылда Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласына 441 млрд теңге бөлініп, күрделі мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірдің барлық ауданында 28 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді.

Қазіргі уақытта емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде. Үш жыл ішінде 24 медициналық нысан күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, елді мекендердегі барлық медициналық мекемелер санитарлық автокөлікпен толық қамтамасыз етілді.

Дәрігерлерге арналған 100 пәтерлік үй салынып жатыр

Сала мамандарын әлеуметтік қолдауға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қызылордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда медицина қызметкерлеріне арналған 100 пәтерлік тұрғын үй салу туралы шешім қабылданып, құрылыс басталды. Үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Өңірдің дәрігерлері кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтап жүр. Өткен жылы 15 дәрігер Түркияда, биыл 41 маман Германия, Ресей, Литва және Беларусь елдерінде тағылымдамадан өтті.

Медицина үздіктері марапатталды

Шара аясында өңір медицинасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қызметкерлер түрлі марапаттарға ие болды.

  • Қалалық көпбейінді аурухананың кеңесші-хирургы Юрий Фотиади – «Құрмет» орденімен,

  • «Қазлепрозорий» мекемесінің бөлімше меңгерушісі Анаркүл Нұрғалиева – «Шапағат» медалімен марапатталды.

  • Сала ардагері Асылбек Тоғызбаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы табысталды.

Сондай-ақ, бірқатар мамандар Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне және «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Қоғамдық қор арқылы қосымша қолдау

Бюджеттен тыс көздерден де қаржы тарту жалғасуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен әріптестік аясында соңғы екі жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған.

Аталған қаржы есебінен:

  • Облыстық балалар ауруханасы мен Жаңақорған ауданында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды;

  • Арал ауданында тағы бір оңалту орталығы ашылуға дайындалуда;

  • Сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарға қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды;

  • Құны 1 млрд 100 млн теңге болатын жылжымалы медициналық кешен облыстық онкология орталығына табысталды. Бұл кешен еліміз бойынша тек үш өңірде ғана бар.

Басқа да жаңалықтар

Басқа да жазбалар:Жаңалықтар

Пікір қалдырыңыз

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *