Қызылорда облысында тарихы көне ғимарат сақталған
Қызылорда облысының орталығы — Қызылорда қаласында тарихи көне ескі ғимарат бар деп хабарлайды, FASTNEWS.KZ — ақпараттық сайты.
Қалаға жақын ағатын Сырдария өзенінің оң жағасындағы (И. Тоқтыбаев тұйығы, 2) екі қабатты көне ғимарат көзге алыстан шалынады. Әліге дейін мұрты бұзылмай сақталған, архитектуралық үлгісі ерекше, сапалы құрылыс нысанына екі ғасырға жуық уақыт болыпты. Бүгінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші ретінде мемлекет қорғауына алынған.
Жергілікті әкімдіктің мәліметіне сенсек, негізінен ғимарат ХІХ ғасырдың аяғы, яғни 1884 жылы Орынбор генерал губернаторлығының тапсырысымен күйдірілген кірпіштен салынған. Басты есебі бойынша нысанның ұзындығы 62 метр, ені 14 метр.
Ал, тарихына келсек, ғимаратта 1884-1920 жылдары әскери казарма, 1920-1990 жылдары әскери комиссариаттың шақыру пункті орналасса, 1990-2005 жылдары бос тұрған. Тек 2005 жылы реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, 2014 жылға дейін Қызылорда облысының мәдениет, тілдерді дамыту, құрылыс, қала құрылысы және сәулет басқармалары және Қызылорда облыстық ескерткіштерді қорғау мекемесі орналасты.
2014 жылы ғимаратта Көркемсурет галереясы ашылды. Қазіргі таңда ғимарат Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы КММ-нің теңгерімінде.
Фото: Қала әкімдігі